Астанада «Үздік педагог-2025» байқауына құжат қабылдау басталады


Астанада 28 шілдеден бастап республикалық «Үздік педагог-2025» байқауының қалалық кезеңіне қатысу үшін құжат қабылдау басталады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Конкурсқа құжаттар 28 шілде мен 5 тамыз аралығында қабылданады.
Конкурсқа мектепке дейінгі, орта, арнайы, мамандандырылған, қосымша және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан штаттағы педагогтері қатыса алады.
«Үздік педагог» атағына білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін және құжаттарды тапсыру кезінде кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар педагогтер үміткер бола алады. Байқау аясында педагогтің білім саласын дамытуға қосқан үлесі, ұстаз қызметінің тиімділігі мен оның кәсіби шеберлігі ескеріледі. Байқаудың барлық кезеңі, яғни қатысушыларды тіркеуден бастап республикалық кезеңнің қорытындысын шығаруға дейін толығымен цифрландырылған.
Елордалық педагогтер uzdikustaz-nobd.edu.kz веб-сайты арқылы құжаттарын жүктейді.
Қалалық комиссия мүшелері 6-15 тамыз аралығында педагогтерді бағалап, байқау қорытындысын шығарады.
Ең жоғары балл жинаған 10 педагог қалалық кезеңнің жеңімпазы деп танылып, байқаудың республикалық кезеңіне қатысуға мүмкіндік алады.



