Астанада Рахымжан Қошқарбаевты еске алуға арналған тәрбие сағаты өтті
Әскери бөлімдерде, жоғары оқу орындарында, колледждер мен мектептерде Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбавтың жүз жылдығына арналған іс-шаралар өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың есімімен аталатын Астана қаласының №44 және Ақмола облысы Қосшы қаласының №1 орта мектептерінде тақырыптық сабақ өтілді.
Қосшы мектебіне Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова барды.
– Сіздердің мектептеріңіз Ақмола облысының тумасы, Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың есімімен аталады. Сондықтан әрқайсыңыз жақсы оқуларыңыз керек. Еліміздің болашағы білімді әрі саналы ұрпақтың қолында, – деп атап өтті департамент басшысы М.Медетбекова.
Қосшы қаласындағы №1 мектептің директоры Сұлуай Ілиясова Рахымжан Қошқарбаевтың есімі 2015 жылы берілгенін еске салды.
– Біздің мектепте Рахымжан Қошқарбаев мұғалімдермен және тұрғындармен кездескені кездейсоқ емес екен. Мектеп бұрышында сол кезеңдегі фотосуреттерді сақтап қойдық, – деді мектеп директоры.
Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігі балаларды шығармашылыққа жігерлендіреді. Қосшы қаласындағы №1 орта мектептің 11-сынып оқушысы Рахметолла «Рақымжанға арнау» өлеңін шығарды. Іс-шара барысында «Астана» медицина университеті» КЕАҚ әскери кафедрасы 317 оқу взводының студенті Полина Набокованың поэтикалық шығармасы орындалды. Өлең жолдарында Рахымжанның атысқа қарамай, туды Рейхстагқа тігуге бара жатқаны суреттеледі.