00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Тәрбие мәселесінде заман көшінен қалмауымыз керек

31 наурыз, 2023
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Тәрбие мәселесінде заман көшінен қалмауымыз керек

Бүгін Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Әсима Бимендинаның ұйымдастыруымен «Отбасы және қоғамның өзекті мәселелері. Ата-аналар қауымымен жұмыс жасаудың басым бағыттары» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Оған Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев, Астана қаласының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Марс Ғалиев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, мектеп директорлары мен орынбасарлары, сынып жетекшілері, әлеуметтік педагогтар, психологтар, ата-аналар қатысты.

Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев өз сөзінде  бүгінгі тақырыптың өте өзекті екенін атап өтті.

Қазір өте ауқымды мәселе көтеріліп жатыр. Мектеп баламен бірлесе жұмыс істеген сайын түрлі проблема туындай береді. Сол мәселелерді осындай дөңгелек үстелдерде талқылау арқылы шешу өте дұрыс деп ойлаймын. Отбасылық мәселе тек Астананың немесе Қазақстанның ғана проблемасы емес, бұл – күллі әлемнің проблемасы. Баланың ата-анамен қарым-қатынасында туындайтын түйткілді түйіндер бұрын да болған. Қазір де өзекті. Тіпті келешекте де бола бермек, - деді Басқарма басшысы.

Шаһардың бас педагогы ата-аналармен жұмыс істеу барысында бұрынғы дәстүрлі әдіс-тәсілдердің ескіргенін, сол себепті жаңа технологияларға негізделген заманауи үдерістен қалмау керек екенін тілге тиек етті.

Мәселен, мектептегі қандай да бір жиынға немесе іс-шараларға шақыратын болса, ата-аналардың құлықсыздық танытатынын байқап жүрміз. Жақында елордадағы №63 мектепте белгілі педагог-коуч Асхат Әбжановтың қатысуымен ата-аналар жиналысы өтеді деп әлеуметтік желі арқылы хабарландыру берген едік, мектептің акт залында ине шаншар орын болмады. Бос орын болмаса да ата-аналар бірнеше сағат тікесінен тік тұрып тыңдады. Міне, бұл да заман талабына сай бейімделуге қарапайым мысал бола алады, - деді Қ.Сенғазыев.

Оның айтуынша, оқушылардың сынып жетекшілерімен қарым-қатынасында да бірқатар мәселе бар. Бүгінде әр сыныпта шамамен 30-дан аса оқушы білім алады. Бұрын мұғалімдер 5-сыныпта қабылдап алған оқушыларға 11-сыныпқа дейін сабақ бергісі келетін. Ал қазір керісінше. Сынып жетекшісінің жиі өзгеруі де баланың тәрбиесіне әсер етпей қоймайтынын айтады Қ.Сенғазыев.

Сөз соңында Басқарма басшысы гажеттерге тәуелділік баламен қоса ересектердің де проблемасы екенін жеткізді.

Қазіргі таңда басты проблемалардың бірі гаджеттерге тәуелділік екені рас. Бұған балалар ғана емес, ересектер де тәуелді екені баршамызға мәлім. Кей ата-аналар баласының телефонда аз отырғанын қалайды. Бірақ біз бұған тыйым сала алмаймыз, - деді шаһардың бас педагогы.