00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Мектептерге арналған PISA» зерттеуіне 33 мыңнан астам қазақстандық қатысты

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Мектептерге арналған PISA» зерттеуіне 33 мыңнан астам қазақстандық қатысты

Еліміздің 1000 мектебі мен колледжі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының PISA-based Test for Schools - «Мектептерге арналған PISA» халықаралық салыстырмалы зерттеуіне қатысты, деп хабарлады Elorda.info Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Бұл зерттеу 15 жас аралығындағы оқушылардың білімі мен машықтарын үш бағыт бойынша бағалайды: оқу, математика, жаратылыстану.

Сонымен қатар зерттеу оқушылардың оқу үлгеріміне әсер ететін факторларды анықтауға мүмкіндік береді.

«Мектептерге арналған PISA-ның» елдерге арналған дәстүрлі PISA-дан айырмашылығы – оның жеке мектеп деңгейінде сыртқы бағалауды жүргізуі. Зерттеу нәтижелері бойынша білім беру ұйымдары еліміздің басқа мектептері мен колледждерімен салыстырғанда оқушылардың функционалдық сауаттылық деңгейі және PISA негізгі зерттеуіне қатысушы елдердің орташа ұпайы туралы талдамалық есеп алады. Зерттеу әрбір мектептің немесе колледждің мықты және әлсіз тұстарын анықтауға, алынған мәліметтер негізінде білім сапасын арттыру шараларын қабылдауға мүмкіндік береді, - деді Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов.

«Мектептерге арналған PISA» зерттеуіне еліміздің барлық аймағынан 33 мыңнан астам қазақстандық білім алушы қатысқан. Зерттеу нәтижесі келесі жылдың 2 тоқсанында белгілі болады.

2021 жылы «Мектептерге арналған PISA» зерттеуі Қазақстанда валидация кезеңінен сәтті өтті. Ол кезде апробацияға еліміздің 200 мектебі қатысты. Апробациялық зерттеу нәтижелері бойынша жеке және топтық есептер жасалып, зерттеуге қатысқан барлық мектепке ұсынылды.