Қазақстандық 100 мың студент Сoursera платформасында білім алуға мүмкіндік алады
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Coursera халықаралық секторының директоры Мэтью Кляйнның кездесуінде осы мәселе талқыланды. Басқосуға білім платформасының аймақтық серіктесінің өкілі Рауан Кенжеханұлы қатысты, деп хабарлады Elorda.info министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақтағы 25 жоғары оқу орнының студенттері Coursera платформасында оқи алады. Олар платформадағы курстарды таңдап, қазақ немесе орыс тілінде өте алады. Сәтті өткен курстар жоғары оқу орындарында кредит болып есептеледі. Қазірдің өзінде 50 курсты бейімдеу және аудару жұмыстары жүргізілуде. Coursera-мен ынтымақтастық қазақстандық жоғары оқу орындарының әлеуетіне оң әсер етеді деп ойлаймыз, – деді Саясат Нұрбек.
Тәржімаланған алғашқы 50 курс 2023 жылдың қаңтарына қарай дайын болады, сосын келешекте ЖОО-ның талап-тілегі мен сұранысына қарай жыл сайын кемінде 100 курсты аудару жоспарланған. Қазақстандық оқытушылар өз курстарын Coursera платформасында орналастыруға мүмкіндік алды. Алғашқы 50 курстың тізіміне негізінен АҚШ-тың жетекші жоғары оқу орындарының білім беру платформалары, сондай-ақ Гонконг ғылым және технологиялар университетінің аз бөлігі кірді.
Енді белгілі профессор Жефри Роберт Часновтың инженерлерге арналған математика курсын немесе Колорадо университетінің порфессоры Грег Уильямстың кибершабуылды анықтау бойынша білім беру бағдарламасын қазақ тілінде тыңдауға болады. Платформада тек техникалық мамандықтар бойынша ғана емес, сонымен қатар бизнес, экономика, менеджмент және өнер саласындағы курстар да орналастырылады.
Coursera – әлемнің алдыңғы қатарлы 250 университеті мен технология алыптарын біріктіретін, дүние жүзіндегі аса ірі білім беру ұйымы. Жыл сайын Coursera платформасында әлемнің 200 елінен 100 миллионнан астам адам оқиды. Атап өтейік, Қазақстандағы Coursera қолданушыларының саны 361 мың адамға жетті.