Астанада студенттерге арналған жаңа жатақхана ашылды
Бүгін елордада Тәуелсіздік күні қарсаңында Менеджмент, бизнес және білім колледжі жанында бой көтерген студенттік жатақхананың ашылу салтанаты өтті, деп хабарлады Elorda.info тілшісі.
Бас қаладағы көші-қон тасқынына орай студент жастарға арналған жатақхананың тапшылық мәселесі қалада әлі де өзекті болып отыр. Соңғы деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда Астана қаласы бойынша 34 колледжде 32 мың студент білім алып жүр. Соның тек 3 мыңға жуығы жатақханамен қамтылған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында осы мәселеге ерекше тоқталған болатын: «Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ, барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болу шарт» деген болатын.
Бұл колледж - жекеменшік мекеме. Әдетте мемлекет тарапынан жатақхана салынып жатса, бұл - жекеменшік колледждің өз студенттеріне арнап салған жатақханасы. Оқу-ағарту министрлігінде мемлекеттік және жекеменшік әріптесікке байланысты қалыптасқан бір жақсы механизм бар. Жекеменшік мекеме құрылыс жұмыстарын толық өзі өтесе, кейін мемлекет әр студент басына есептеп ақшаны қайтарады. Осы мүмкіндікті колледж әкімшілігі пайдаланды. Бұған дейін бұл колледжде жатақхана болған жоқ. Колледж әкімшілігі студенттер үшін жатақхананы жалға алып келді. Біз бұдан ары қарай қала бойынша жатақхана салу жұмыстарын жалғастыратын боламыз,- деді Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.
110 орындық жатақхана іші толығымен жиһаздалған, медициналық кабинет, кезекші оқытушылар мен күзетшілер бөлмесі бар. Кір жуатын және кептіретін машиналар қойылып, киім үтіктейтін орын да қарастырылған. Сондай-ақ, демалыс бөлмесі, ас үй, спорт зал, жуынатын бөлмелері бар. Жатақханада интернет және бейнебақылау жүйесі орнатылған.
Салтанатты іс-шараға қатысқан қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов жатақхананың бірқатар артықшылығына тоқталып өтті.
Бүгін Менеджмент, бизнес және білім колледжі тарихы үшін маңызды күн болып отыр. 2018 жылы осы жатақхананы салу үшін үш жақты келісім шарт жасалды. Өздеріңіз білетіндей, құрылыс нысанын жоспарлауға да көп уақыт кетеді. Міне, барлық жұмыстарды аяқтап, студенттер жаңа жатақханаға қабылданып отыр. Ең бастысы жатақхананың оқу ғимаратының жанында ыңғайлы орналасуы деп айтқым келеді. Студенттер оқу ғимаратына жету үшін көп уақыттарын жоғалтпайды. Ата-аналар балалары үшін уайымдамаса да болады, себебі мұнда оқуға және өмір сүруге барлық жағдай жасалған. Жастардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына жағдай жасап отырған колледж әкімшілігіне алғыс білдіргім келеді. Студенттерді мейрам алдында жайлы орынға қоныстануларымен құттықтаймын,- деді қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов.
Аталған колледждің 2-курс студенті Олжас Токуш студенттер атынан алғыс білдіріп, жатақханаға қалай орналасқаны туралы айтып берді.
Мен Астанаға білім алу үшін басқа қаладан келдім. Бірінші курста біз ескі әрі жалдамалы жатақханада тұрдық. Қазір колледж жанында жатақхана ашылғанына қуаныштымыз. Барлық жағдай жасалған. Жиһаздың барлығы жаңа. Тәрбиешілер де жақсы адамдар. Жатақханаға орналасу үшін кезекте тұрған едім. Сол кезек бойынша жаңа жатақханадан маған бір орын бұйырды,- деді студент.
Бес қабаттық студенттер үйінің ашылу салтанатына қатысқан қалалық Білім басқармасының басшысы өз сөзінде әлі 1 мыңнан аса студентке жатақхана керек екенін және Әкімдік колледж студенттері үшін жатақханалардағы орын тапшылығын кезең-кезеңімен шешу бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлегенін айтты.
Айта кетейік, жатақханаға орналасу мемлекеттік қызмет алу тәртібі бойынша жүргізіледі. Әр колледждің өзінде кезекте тұру тәртібі бар. Жатақханада тұру әр студент үшін айына 15 мың теңге болады.