Балабақшаны қаржыландыру ата-ана сұранысына байланысты болады
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов балабақшаларға қойылатын талаптар туралы жаңа бұйрықты түсіндірді, деп хабарлады Elorda.info.
Енді мемлекеттік тапсырыс балаларға қолайлы және қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған жаңа ережелер бойынша орналастырылады.
Асхат Аймағамбетов бұйрықтың негізгі тармақтарына тоқталып өтті.
1. Мемлекеттік тапсырыс алғысы келетін барлық балабақшаға қосымша талаптар енгізілді.
Оның ішінде:
- өртке және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жағдай жасау. Сондай-ақ дабыл түймесі мен ішкі дауыстық ескерту жүйесі болуы қажет.
- міндетті түрде бейнекамера орнату.
- ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін арнайы жағдай жасау.
- балабақша ғимараттары мен үй-жайларының санитарлық нормаларға сәйкестігі.
- балаларға қолайлы пәндік дамыту ортасын қалыптастыру үшін балабақшаларды қажетті құрал-жабдықтармен және жиһаздармен жабдықтау.
- медициналық көмек көрсетумен қамтамасыз ету.
2. Мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтеріне қойылатын талаптар күшейтілді. Тәрбиешілердің балалармен жұмыс істеуі үшін тиісті біліктілігі және/немесе білімі болуы қажет.
3. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі өзгертілді. Бұрын білім басқармалары мемлекеттік тапсырысты орналастырған кезде белгілі бір балабақшаға нақты орын санын көрсетсе (мысалы, «Балбөбек» - 100, «Еркетай» - 100 орын), енді барлық талапқа сәйкес келетін балабақшалар мемлекеттік тапсырыс алатын ұйымдардың жалпы тізбесіне енгізіледі.
Содан кейін ата-аналардың өздері балабақшаға жолдама алған кезде осы тізімнен нақты балабақшаны таңдай алады. Яғни қанша ата-ана балабақшаны таңдаса, сол орындарға сәйкес қаржыландыру балабақшаға түседі.
4. Мемлекеттік тапсырысты алу үшін құжаттар саны қысқартылды. Егер бұрын жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар көп құжатты ұсыну қажет болса, енді тізім 4 құжатқа дейін қысқартылды. Қалған құжаттар ақпарат жүйелерінен алынады.
5. Электронды түбіртектер енгізіледі. Бұл шара «жалған орынға» айналған тәуекелдерді азайтуға көмектеседі. Яғни мектепке дейінгі ұйым қаржыландыру алып, бірақ балалардың мәлімделген саны сәйкес келмеген жағдайда.
6. Енді білім басқармаларына мемлекеттік тапсырысты орналастыру тізбесіне енгізу туралы шешім қабылдағанға дейін балабақшалардың жұмысымен, жағдайымен танысу құқығы берілді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында мұндай мониторинг міндетті түрде балабақшалар қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен жүргізілуі керек.
7. Рәсімнің ашықтығы үшін өтінімдер мен барлық құжатты комиссия міндетті түрде бейне және аудиожазбамен қарайды.
Сонымен бірге мемлекеттік тапсырысты алу үшін берілген өтінімдер мен құжаттарды енді білім бөлімі сайтқа орналастыруы тиіс. Қоғам ұсынылған құжаттарды көре алуы үшін және соның негізінде осы мектепке дейінгі ұйымдар мемлекеттік тапсырыс алушылар тізіміне енгізілген. Бұл шара сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, мемлекеттік тапсырысты орналастырудың ашықтығын қамтамасыз етуі керек,- дейді министр.