Асхат Аймағамбетов түлектерді мектеп бітірулерімен құттықтады
Ол түлектерді мектеп бітіру күнімен құттықтап, педагогтерге еңбектері және ата-аналарға балаларға көрсеткен қолдаулары үшін алғыс айтты.
Бүгінгі таңда оқушыларымыз білімімізді, елімізді халықаралық аренада лайықты танытып жүр. Мысалы, менің қасымда күні кеше ғана Франциядан оралған Дүниежүзілік гимназиаданың үш жеңімпазы тұр. Олар осы мектепте оқиды. Оқушыларымыз 86 медаль жеңіп алып, әлемнің 70 елінің арасынан озып шығып, 3-орынға ие болды. Ал жеңіп алған медальдардың саны артып келеді. Енді түлектер өмірдің жаңа кезеңін бастағалы тұр. Мектепті бітірсеңіз де, оқу мен ізденіс жолында ешқашан тоқтамау керек. Білім – ешқашан құнын жоғалтпайтын, құнсызданудан қорықпайтын байлық.
Алда емтихандар күтіп тұр. ҰБТ ересек өмірдегі ең оңай емтихан екенін білсеңіздер екен. Ол үшін біз биылғы түлектерге бірқатар жеңілдік жасадық. Енді сіздер ҰБТ-ны екі рет тапсырып, грантқа үміткер бола аласыздар.
Биыл Президенттің қолдауының арқасында гранттар санын көбейтіп отырмыз. Атап айтқанда, университеттерде оқуға 73 мыңға дейін және колледждерде оқуға 128 мыңға дейін грант бөлдік. Жалпы алғанда мемлекет сіздердің болашаққа сеніммен қарауларыңыз үшін тиісті шараларды қабылдап жатыр, - деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ министр өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беріп жүрген ұстаздар мен ата-аналарға балаларға көрсетіп жүрген қолдаулары үшін алғыс айтты.
Біздің оқушылар, мұғалімдер мен ата-аналар індет сынағынан абыроймен өтті. Қыркүйекте «мектепті ашу керек пе?» деген мәселе қызу талқыланды. Ал енді қабылданған шешімнің дұрыстығына еш күмән жоқ. Педагогтеріміздің қажырлы еңбегінің арқасында біз бүкіл әлем және білім беру жүйесі басынан өткерген қиын кезеңдерді еңсере алдық. Әріптестеріме еңбектері мен балаларымызға көрсетіп жатқан қолдаулары үшін алғыс айтамын. Әрине пандемия кезінде оңай болған жоқ. Дегенмен ұстаз еңбегінің қаншалықты маңызды және құнды екенін түсінген ата-аналар үлкен қолдау көрсетті, - деп атап өтті министр.
Осыдан кейін 1-сынып оқушылары мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тіледі. Ал өз кезегінде түлектер мектеп қабырғасында өткізген 11 жылы үшін ұстаздары мен ата-аналарына рақметін айтты. Бұдан кейін түлектер қоштасу вальсін билеп, мектепте соңғы қоңырау соғылды.
Жалпы биыл елімізде 3,6 млн оқушы үшін соңғы қоңырау соғылды. Оның ішінде 170 мыңнан астам 11 (12) сынып түлектері, 302 мыңнан астам 9-сынып оқушылары. «Алтын белгі» төсбелгісіне 8 139 үздік оқушы үміткер. Сондай-ақ биыл 393 мыңнан астам оқушы 1-сыныпты аяқтады.