00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Баланың қаржылық сауатын ашатын 8 кітап

25 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Баланың қаржылық сауатын ашатын 8 кітап

  • «Балаға ақшаны қалай таныстырамыз?» (Түпнұсқа атауы: «Как рассказать детям о деньгах»)

Авторлары: Сергей Биденко және Ирина Золотаревич
Оқырмандар жасы: 2+

Көлемі шағын болғанмен, өте қызықты кітап. Кішкентай бүлдіршіндерге ыңғайлы болу үшін баланың жасына қарай блоктарға бөлінген. Әр тақырыпқа сай қаржыны дұрыс пайдаланудың тетіктерін үйретеді. Сондай-ақ, кітапшада ақшаны орнымен жұмсауға баулитын 100 ойын бар. Кітапшаның тағы бір ерекшелігі ­­– балалар әдебиетінен қаржыға байланысты мысалдар келтіреді.

  • «Теңгегүл мен оның достарының бастан кешкен қиял-ғажайып оқиғалары. Көңілді қаржылық сауаттылық сабақтары»

Оқырмандар жасы: 5+

Қазақ және орыс тілдерінде шыққан бұл оқу құралы бастауыш және орта мектеп жасындағы балаларға арналған. Мұнда үш достың және Сиқырлы Монетканың қаржы әлеміндегі бастан кешкен оқиғалары туралы баяндалады.

Кітаптың құрылымы ақша туралы қарапайым әңгімелерден басталып,  біртіндеп күрделене түседі. Кейіпкерлер оқиға барысында терминдермен, ұғымдар және анықтамалармен танысады. Балаңыз да кітап кейіпкерлерімен бірге жеке және отбасылық бюджет туралы бастапқы білімнен біртіндеп қаржы құралдарының мағынасын ажыратып, қаржы нарығы қалай жұмыс істейтіні туралы хабардар болады. Кітапта түрлі тапсырмалармен қатар, глоссарий, ойындар, қосымша материалдар мен комикстер берілген.

  • «Балалар және ақша» (Түпнұсқа атауы: «Дети и деньги»)

Авторы: Евгения Блискавка
Оқырмандар жасы: 5+

Көп жағдайда балалар отбасылық бюджет тақырыбымен ең алғаш дүкенде бетпе-бет келеді. Ұнаған ойыншығымды сатып әпер деп қиғылық салып жылаған баланы талай ұшыраттық. Ата-анасының "қазір ақша жоқ" деген сөзін түсіне алмайды. Анығында үш жасар сәбиге де сатып алуды жоспарлау керегін түсіндіруге болады және бұл өте маңызды. Себебі, бала қажеттілік пен қалаудың айырмашылығын түсінбейінше қиғылық салуын қоймайды. Кітап авторлары баланың ақылмен жинақтау және үнемдеу дағдысын игеруі үшін, қаржылық сауаттылықты үйретуді қалай бастау керек екені туралы керемет кеңестер ұсынады.

  • «Ақша туралы нұсқаулық. Қаржы әлеміне арналған таңғажайып түсіндірме» (Түпнұсқа атауы: «Инструкция к деньгам. Потрясающе весёлый гид по миру финансов»)

Авторы: Хайди Фидлер
Оқырмандар жасы: 7+

Бұл ерекше кітап қарапайым тілмен-ақ, қызықты мысалдар негізінде экономикалық терминдерді, ақша табуды, оны сақтай білу мен жұмсауды үйретеді. Сонымен қатар, қаржы тетіктерімен жұмыс істеу қағидаттарын түсіндіреді. Балалның зейінін ашу үшін түрлі-түсті иллюстрациялармен безендірілген.

  • «Мани атты ит» (Түпнұсқа атауы: «Пёс по имени Мани»)

Авторы: Бодо Шефер
Оқырмандар жасы: 8+

Кітапта кішкентай қыз бен лабрадор тұқымды ит Манидың тарихы әңгімеленеді. Сөйлей алатын төбет Мани кішкентай қызды алға қойған мақсатқа жетуге және ең қиын жағдайларда табанды болуға үйретеді. Өмірде кездесетін практикалық кеңестер, шытырман оқиғалы хикаялар балаларға ғана емес, ересектерге де пайдалы болады. 

  • «Ақшаны қалай дұрыс жұмсауға болады» (Түпнұсқа атауы: «Как потратить деньги с умом»)

Авторлары: Джерри Бейли және Фелиция Ло
Оқырмандар жасы: 9+

Бұл кітапта авторлар сауда-саттық қағидаттарын жан-жақты, балаларға түсінікті тілмен талдайды. Баға белгілеу, тұтынушылық кредиттер, импорт және экспорт, кедендік сүйемелдеу және ақылмен сатып алу сынды болашақ кәсіпкерге керек кеңестердің бәрін осы оқу құралынан таба аласыз.  

  • «Жасөспірімдерге арналған бай әке, кедей әке» (Түпнұсқа атауы: «Богатый папа, бедный папа для подростков»)

Авторы: Роберт Кийосаки
Оқырмандардың жасы: 15+

  • «Бай әке, кедей әке» кітабы көпшілікке таныс-ақ. Ал кітаптың бұл нұсқасы жасөспірімдерге арналған, олардың ақшаға басқа көзқараспен қарауына, өздерінің қаржылық мақсаттарына қол жеткізу жолында қандай әрекеттер жасауы керек екеніне баса назар аударылған. Кітапта ақшаны басқара алу қабілетіне ерекше тоқталады. Яғни, ақшаны активтерге айналдыру жолы жан-жақты түсіндіріледі.