Қазақстандық оқушылар зағип жандарға арналған шлем ойлап тапты
Ол мүгедектер жолында кездесетін кедергілерді құлаққап арқылы жеткізіп, жүріс-тұрысын жеңілдетеді. Жоғары сынып оқушыларынан құралған топ «Маврикс» деп аталады. Командада 9 дарынды бала бар. Олар авторлық жобаны ойлап табуға үш ай жұмсаған. Ерекше баскиімнің көмегімен мүгедектер қалада өздігімен жүре алады. Виктор Кахно мен Максим Сурин автономды шлемнің көмегімен қала-да қауіпсіз қозғалуға болатынын айтады.
Өзіңізді қараңғылықта елестетіп көріңізші, сіздің алғашқы әрекетіңіз қандай? Қай жерде екеніңізді түсіну үшін дыбыстарды тыңдай бастайсыз, айналаңыздағы заттарды сезе бастайсыз, – дейді әзірлеушілердің бірі Виктор. – Бұл әдістерді дүниежүзінде 36 миллион-нан астам зағип адам қолданады. Әрбір зағип адам сенсорға, дыбыстық сигналдарға, жеке көмекшілерге және экраннан оқу құралдарына тікелей тәуелді.
Команда мүшелерінің бірі Амира Бакиеваның айтуынша, қандай да бір қауіп төнген жағдайда шлем дыбыстық белгі береді.
Егер оң жағыңызда автобус келе жатса, шлемнің құлаққаптары «оң жағыңызда автобус келе жатыр» деп хабарлайды. Шлемнің камерасы 180 градуста барлық нысандарды анықтай алады. Ақпараттар сигнал арқылы құлаққапқа жедел келеді. Көзі көрмейтін адам құлаққапты тағып, дыбыстық сигналдарды сезіне алады, – дейді 11-сынып оқушысы А. Бакиева.
Қазақстанда 160 мың көру қабілеті нашар адам болса, Алматы облысының «Зағиптар қоғамында» 1500 адам тіркелген. Бұл мәселені шешу үшін зияткер оқушылар көруге мұқтаж жандарға шлем ұсынды. Жұмыс барысында оқушылар облыстағы «Зағиптар қоғамында» болды. Зағип жандармен бірнеше рет әңгімелескеннен кейін прототипті жобалау факторларын анықтай алды. Шлемде қуат түймесі, кең экранды камера, банк картасының көлеміндей бір тақталы компьютер және екі құлаққап бар. Шлем автомобильдерді, пойыздарды, автобустарды, бағдаршамдарды, жол белгілерін, велосипедшілерді және адамдарды анықтауға қабілетті.
Бұл ретте Виктор мен Максим смартфонға орнатылған «See the Future!» атты арнайы қосымша жасап шығарды. Қазіргі уақытта қолданбада геолокация, ауа райы, компас, музыка, подкаст, аудиокітап сияқты функциялар бар. Өнертапқыштардың ерекше баскиімі республикалық әлеуметтік Samsung жобаларында үздіктер қатарына енген. Жарысқа еліміз бойынша 120 тың идея ұсынылған. Зияткерлік мектеп оқушылары жүздеген жұмыстың арасынан үздік ондыққа енді. Командаға 450 мың теңгенің сертификаты табысталды. Алда жетісулық жасөспірімдер бас киімнің функцияларын жетілдіруді көздеп отыр. Жобада жұмыс істеген Нам Дмитрий, Нигматулин Расим, Мирхаят Дени, Абдуллин Амир, Искакова Жазира, Бакиева Амира секілді замандастарымыздан келешекте тың идеялар күтеміз.