00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

1 мыңға жуық ауыл оқушысы байқауларға қатысу үшін дайындықтан өтіп жатыр

1 мыңға жуық ауыл оқушысы байқауларға қатысу үшін дайындықтан өтіп жатыр
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Ауыл мектептерінен 1 мыңға жуық оқушы зияткерлік байқауларға қатысу үшін арнайы дайындықтан өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқушыларды зияткерлік олимпиадалар мен байқауларға дайындау мақсатында «Дарын» онлайн мектебі өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда оған II Республикалық ауыл олимпиадасының 940 финалисті сырттай қабылданып, білімін жетілдіруде.

«Дарын» онлайн мектебінде республикалық және халықаралық олимпиада жеңімпаздарын дайындаған мұғалімдер сабақ береді. Олар пәнді тереңдетіп оқытудан бөлек, пәндік олимпиадаларға дайындалу стратегиялары мен әдістерін үйретеді және пайдалы ресурстарды жеңіл қолдану тәілдерін түсіндіреді. Сабақтар қашықтықтан болады.

Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерге бейімделген оқушылар сабақтарын 2024 жылғы 6 желтоқсаннан бастаса, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы қатысушылар үшін сабақ 18 желтоқсанда басталды.

«Алдағы уақытта ауыл мектебінің оқушылары республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, еліміздің мерейін үстем ететініне сенімдіміз», - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Карамбаев.

Еске сала кетейік, 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ауыл олимпиадасы Астана қаласында қараша-желтоқсан айларында 13 пән бойынша төрт кезеңде өткен болатын. Мақсат - ауылдық жерлердегі дарынды әрі қабілеті жоғары балаларды анықтау, оларға қолдау көрсету.

Биыл мектепішілік кезеңге 113 мыңнан астам бала тіркелді, бұл 2023 жылға қарағанда бала санының 35 мыңға көбейгенін көрсетеді. Олардың ішінен ақтық мәреге жүлдемен жеткен 940 бала болашақ зияткерлік жарыстарға дайындалу мақсатында «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданған болатын.