Референдум-2026

Жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты туралы нені білу керек - маман түсіндірмесі

Бүгін, 15:39
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты туралы нені білу керек - маман түсіндірмесі
Фото: Астана қаласы коммуникациялар қызметі

Бұл туралы Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз-конференциясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысы Ерлан Исмағұлов түсіндірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Әрбір жұмыс берушінің міндеті

Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті қызметінің басым бағыттарының бірі – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізу және азаматтардың еңбек құқықтарын, оның ішінде қауіпсіз еңбек жағдайларына деген құқықтарын қорғау.

Қызметкерлерді қорғаудың маңызды құрамдас бөлігі – өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру болып табылады. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 182-бабы 2-тармағының 14) тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші өз қаражаты есебінен қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасуға, сондай-ақ оның жасалғаны туралы мәліметтерді еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға ұсынуға міндетті.

Бұл міндет меншік нысанына, ұйымдық-құқықтық нысанына және қызметкерлер санына қарамастан барлық жұмыс берушілерге қолданылады және қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғаудың маңызды кепілі болып табылады.

Қызметкер қандай кепілдіктер алады

Сақтандыру жағдайы орын алған кезде міндетті сақтандыру қызметкердің еңбек міндеттерін орындау барысында өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеуді қамтамасыз етеді.

Заңнамада:

- кәсіби еңбек қабілетінен айырылу дәрежесі белгіленген жағдайда;

- мүгедектік белгіленген жағдайда;

- қызметкер қайтыс болған кезде зиянды өтеуге құқығы бар тұлғаларға сақтандыру төлемдері көзделген.

Міндетті сақтандыру шартының болмауы жұмыс берушіні қызметкерге келтірілген зиянды өтеу міндетінен босатпайтынын атап өту керек.

Сонымен қатар сақтандыру болмаған жағдайда қызметкердің өмірі мен денсаулығына келтірілген залалды өтеуге байланысты шығындар сот тәртібімен жұмыс берушіден өндіріп алынуы мүмкін.

Заң талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік

Заңнама талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 230-бабының 2-тармағына сәйкес, жұмыс берушінің қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасамауы әкімшілік айыппұл салуға әкеп соғады:

- жеке тұлғаларға – 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК);

- лауазымды тұлғаларға, жеке нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 160 АЕК;

- орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 400 АЕК;

- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1 000 АЕК.

Құқық бұзушылықтар мен өндірістік жарақаттанудың алдын алу

Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті жұмыс берушілер арасында еңбек заңнамасының талаптарын түсіндіру, міндетті сақтандыру шарттарының болуын бақылау және анықталған бұзушылықтар бойынша мемлекеттік шаралар қабылдау бағытында тұрақты профилактикалық жұмыстар жүргізеді.

Өндірістік жарақаттанудың алдын алу – негізгі басымдықтардың бірі. Жұмыс беруші қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, еңбекті қорғау және қауіпсіздік талаптары бойынша оқыту мен нұсқама өткізуді ұйымдастыруға, кәсіби тәуекелдерді бағалауға, медициналық тексерулерден өткізуді қамтамасыз етуге және міндетті сақтандыру арқылы қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуына кепілдік беруге міндетті.

Өндірістегі жазатайым оқиғалардың негізгі себептеріне еңбек процесін дұрыс ұйымдастырмау, бақылаудың жеткіліксіздігі, қауіпсіздік талаптарын бұзу, сондай-ақ қызметкерлерді қажетті оқыту мен нұсқамадан өткізбей жұмысқа жіберу жатады.

Жұмыс берушілерге ұсынымдар

Жұмыс берушілер міндетті сақтандыру шарттарын лицензиясы бар сақтандыру ұйымдарымен уақтылы жасасуы және қолданыстағы шарттардың өзектілігін, оның ішінде қызметкерлер саны өзгерген жағдайда тұрақты түрде тексеріп отыруы қажет.

Жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігі

Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және қызметкерлерді әлеуметтік қорғау – тек заң талаптарын орындау ғана емес, сонымен қатар жұмыс берушінің жоғары әлеуметтік жауапкершілігінің көрсеткіші.

Еске салайық, бұған дейін елімізде жыл соңына дейін 130 мың ұйымды жазатайым оқиғалардан сақтандыру жоспарланғаны туралы жаздық.