Елімізде жыл соңына дейін 130 мың ұйымды жазатайым оқиғалардан сақтандыру жоспарланды
Президенттің цифрлық шешімдерді пайдалана отырып, еңбек тәуекелдерінің алдын алу жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәсіпорындарды еңбек заңнамасын бұзу тәуекелдері мен белгілері туралы алдын ала хабардар етудің проактивті форматын енгізеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет отырысында өндірістік жарақаттануды азайту және азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі шаралар туралы министр Асқарбек Ертаев баяндады.
Оның айтуынша, кәсіптік тәуекелдерді бағалау және мониторинг жүргізудің цифрлық құралдарын жетілдіру, жұмыскерлердің құқықтарын қорғау мен әділ еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған. Кәсіпорындарды хабардар етудің проактивті форматын енгізу мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректері негізінде жүзеге асырылатын болады, бұл бұзушылықтардың белгілерін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
«Аталған шараларды жүзеге асыру нәтижелері бойынша жыл соңына дейін бірқатар негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарлануда. Атап айтқанда, жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырумен қамтылған ұйымдар санын 130 мың-ға дейін жеткізу, 1 000 жұмыскерге шаққанда өліммен аяқталатын жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициентін 0,31-ге дейін төмендету міндеті қойылып отыр», - деді министр.
Еске салайық, бұған дейін елімізде 22 мыңнан астам жұмысшының еңбек құқығы қорғалатыны туралы жаздық.