Жоғары Сот Кеңесінде Конституцияның жаңа жобасы талқыланды
Жиынға Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері, оның аппарат қызметкерлері, сондай-ақ Кеңес жанындағы Сот төрелігі академиясының өкілдері қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz Жоғары Сот Кеңесінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов конституциялық ережелерді ауқымды әрі жан-жақты қайта қарау елдің Негізгі заңының тұжырымдамалық тұрғыдан жаңа редакциясын әзірлеу қажеттігін туындатқанын атап өтті.

«Конституциялық реформаның негізгі бағыты мемлекеттің азаматтардың қажеттіліктеріне бағдарлануын күшейтуге, қоғамның өзекті құндылықтарын бекітуге және саяси институттарды жаңғыртуға бағытталған. Маңызды идеологиялық басымдық адами капиталды дамытуға берілді. Ғылым, білім беру және инновациялар жаңартылған Конституцияда негізгі орынға ие», – деді Д. Малахов.
Жиында Кеңес жанындағы Сот төрелігі академиясының профессоры, заң ғылымдарының докторы, Конституциялық комиссияның мүшесі Лейла Жақаева баяндама жасады. Ол өз сөзінде Конституцияның жаңа редакциясының жобасында көзделген негізгі өзгерістерді, сондай-ақ олардың құқықтық жүйені одан әрі дамыту мен Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын нығайтудағы маңызын түсіндірді.
Бұған дейін жаңа Конституция жобасының Астанада Amanat партиясы жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың инклюзиясы жөніндегі Республикалық кеңес отырысында талқыланғанын жаздық.