9 желтоқсан Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай Астанада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ардагерлері кеңесінің конференциясы өтті. Оған сала ардагері, мемлекеттік органдар өкілдері, қоғамдық бірлестіктер қатысты.
Конференцияда адалдық мәдениетін қалыптастырудағы Ардагерлер кеңесінің рөлі, тәлімгерлікті дамыту мәселелері талқыланды. Алдыңғы буын ардагерлер тәжірибесін кейінгі жеткіншектерге үлгі-өнеге ретінде ұсынудың маңыздылығы аталды.

Көпшілікке мәлім, Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне бұрынғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірқатар функциялары мен өкілеттіктері берілген болатын. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру, осы саладағы іс-қимылдарды үйлестіру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру міндеттері жүктелді. Ал жемқорлықпен күрес секілді кешенді идеологиялық жұмыста дәстүр сабақтастығының маңызы ерекше.
Шара барысында сөз алған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мырза: «Жемқорлықтың алдын-алу шараларын тұрақты түрде жетілдіруде тәлімгерлік институтының маңызы ерекше. Жемқорлыққа қарсы қызмет ардагерлері кеңесінің тәжірибесі – жас мамандарды қолдау, тәжірибе алмасу, кәсіби дәстүрлерді нығайту мен сабақтастық үшін өте маңызды рөл атқарады», – деді.
Конференция қорытындысы бойынша тараптар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәдениетін нығайту бағытындағы ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойды.

Анықтамалық ақпарат:
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары ардагерлерінің қазақстандық ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі — сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының ардагерлері мен зейнеткерлерінің кәсіби және өмірлік мүдделерінің бірлігі негізінде құрылған, өзін-өзі басқаратын республикалық қоғамдық бірлестік.
Ұйымның қызметі еріктілік, теңдік, өзін-өзі басқару және заңдылық қағидаттарына негізделеді. Ұйым өзінің ішкі құрылымын, мақсаттарын, қызмет нысандары мен әдістерін дербес айқындайды. Оның қызметі ашық және жария, ал құрылтай құжаттары туралы ақпарат көпшілікке қолжетімді.