Референдум-2026

Зейін Әліпбек: «Астана мен үшін туған қалаға айналды»

Бүгін, 09:27
Думан Аманжол Думан Аманжол
Зейін Әліпбек: «Астана мен үшін туған қалаға айналды»
Фото: Зейін Әліпбектің жеке мұрағаты

Астана күні қарсаңында Elordainfo.kz тілшісі белгілі тележурналист Зейін Әліпбекпен сұхбаттасып, елорданың кешегісі мен бүгіні, оның қоғамдағы орны, журналисттің куә болған тарихи сәттері мен Астананың болашағы туралы әңгімелесті.

- Астана күні сіз үшін нені білдіреді? 

- Расында да менің ұғымымда Астана күні жаңа да жас қаланың төл мерекесі ретінде қалыптасып үлгерді. Соңғы екі-үш жылда ел ордамыз шын мәніндегі нағыз астанаға айналып келеді. Қазіргі Астанамен мақтануға болады. Астана күні мен үшін — қазақ мемлекеттілігінің жаңа дәуірінің басталғанын білдіретін мереке. Мен үшін осындай маңызды астары бар бұл мейрам осынысымен құнды. 

- Астанаға алғаш қашан келдіңіз, алғашқы әсеріңіз қандай еді? 

- Астанаға алғаш рет табаным 1999 жылы тиді. Бірер күнге жұмыс бабымен іссапармен келген едім. Қыстың күні болатын. Жасыратыны жоқ, ол жолы керемет жақсы әсер алдым деп айта алмаймын. Ол жылдар Астананың енді ғана астана болып жатқан кезі еді. Қаланың шеті Сарыарқа мен Кенесары көшесінің қиылысымен бітетін. Сол жағалаудың ғимараты түгілі әлі жолы да төселмеген еді. Сарыарқа көпірінің жаңа салынған кезі болса керек. Қателесуім де мүмкін. Ол кезде қызмет көрсету сапасы Алматыдағыдай емес. Қалада тамақтану орындарының жоқтың қасы. Көрші елдің тілінде сөйлейтін дүкен сатушылары да дөрекі болатын. Әйтеуір жүйкеге тиетін жайттар көп еді. 

- Сол кездегі қаланы қазіргі Астанамен салыстырсаңыз, қандай өзгерістерді ерекше атар едіңіз? 

- Жасыратыны жоқ, күні кешеге дейін Астананың болашағы қалай болады екен деген күдік көңілді күпті ететін. Себебі, қаланың келешегіне күмән келтіретін кертартпа пікірлер көп еді. Бірақ, уақыт бәрін орнына қойды. Жаңа астана салу идеясының жайдан жай пайда бола салмағанына жұртшылықтың көзі жетті. Сол кездегі қаламен салыстыратын болсақ өзгерістер орасан. Біріншіден, қала әбден үлкейді. Екіншіден, қала жай ғана үлкейген жоқ. Белгілі бір жүйемен салынып жатыр. Қисын бар. Үшіншіден, шаһар заманауи қалаға айналып келеді. Төртіншіден, Астана сұлуланып келеді. Қаладағы ғимараттар сапалы салына бастады. Әр құрылыс аумағында міндетті түрде саябақтардың салынып жатқаны қуантады. Қала тазалығы күннен күнге жақсарып келеді. Бір сөзбен айтқанда, Астана жанға жайлы шаһар ретінде бой түзеуде. 

- Журналист ретінде Астанадағы қандай тарихи сәттердің куәсі болдыңыз? 

- 2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Бірінші съезі өтті. Астанаға сол кезде екінші рет келдім. Расында бұл түрлі дін өкілдерін бір үстел басына жинаған тарихи уақиға еді. Әлі есімде. Ол уақытта қазіргі сол жағалауда тек Бәйтерек қана тұратын. Айнала — жазық дала. Ақ орда енді ғана салынып жатты. Бәйтеректің жанында тек Сыртқы істер министрлігінің ғимараты ғана болды. Көзге елестетіп көріңізші. Қазір қандай? Бір кездері қазіргі «Нұр жол» бульвары бойында ештеңе болған жоқ десе қазір адам сенбейді.

2006 жылы Астанаға жұмыс бабымен көшіп келдік. Содан бері осы қаланың тұрғынымыз. Перзенттеріміз Әзіретәлі мен Айзереміз астанада дүниеге келді. Астанада өсіп-өніп келеміз. Астана туған қаламызға айналып кетті. Қазір басқа қалаға барсақ қайтқанша асығамыз. Ел орданың қоңырсалқын шыбынсыз жазы ұнайды.

- Болашақта Астананы қандай қала ретінде көргіңіз келеді? 

- Келешекте Астананы әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидің «Қайырымды қала» идеясы жүзеге асқан, тұрғындары бақытты әрі ана тілінде сөйлейтін қала ретінде көргім келеді. 

Еліміздің жүрегі саналатын әсем елордамыз әрдайым өсіп-өркендеп, көркейе берсін. Әр шаңыраққа амандық, зор денсаулық, бақ-береке және мол ырыс тілеймін. Елордамыз бейбітшілік пен бірліктің, жасампаздық пен жаңа мүмкіндіктердің символы болып қала берсін. Қаламыздың әр күні қуанышқа, игі бастамаларға және жарқын жетістіктерге толы болсын. 

Астана мәңгі жасай берсін, еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!