Жас теннисші Аңсар Ниетқалиев Қытайдағы турнирде жеңімпаз атанды
Қазақстандық теннисші Аңсар Ниетқалиев Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен ITF World Tennis Tour Juniors (J60) халықаралық турнирінде топ жарды. 15 жастағы спортшы жарыс жолында жоғары деңгейдегі тұрақты әрі сапалы ойын үлгісін көрсетіп, турнир чемпионы атанды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қазақстан теннис федерациясына сілтеме жасап.
Шешуші, финалдық кездесуде Аңсар жергілікті қытайлық теннисшімен шеберлік байқасты. Тартысқа толы матчта отандасымыз ойын тізгінін өз қолында ұстап, маңызды сәттерде басымдық танытты. Нәтижесінде 7:5, 6:3 есебімен сенімді жеңіске жетіп, бас жүлдені иеленді.
Бұл жеңіс Аңсар Ниетқалиевтің жасөспірімдер турындағы айтарлықтай өсуін дәлелдеп, оның әлемдік рейтингтегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді. Енді жас талант бұдан да беделді саналатын Уханьдағы J100 турнирінде бақ сынайды.
Еске сала кетейік, таеквондодан әлем чемпионы атанған Айым Серікбаева елордаға оралды.