Заңсыз жұмыс істеген емшара кабинеттері жабылып жатыр

Бүгін, 15:09
Думан Аманжол Думан Аманжол
Заңсыз жұмыс істеген емшара кабинеттері жабылып жатыр
Фото: freepik.com

Елімізде жеке емшара кабинеттеріне бақылау күшейтілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау министрлігі заңсыз медициналық қызмет көрсету фактілерін және медициналық көмек көрсету кезіндегі стандарттардың бұзылуын анықтау мақсатында республика бойынша жеке емшара кабинеттеріне тексеру жұмыстарын жалғастыруда. 

Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің деректеріне сәйкес, тексерілген 1 900 емшара кабинетінің 408-і қажетті лицензиясыз жұмыс істегені анықталды.

Жүргізілген шаралардың нәтижесінде 270 кабинет өз қызметін ерікті түрде тоқтатты. Сонымен қатар, кейбір субъектілер қызметін заңдастыруға ниет білдіріп, тиісті рұқсат құжаттарын рәсімдеуді бастаған. Ал 116 нысан бойынша жоспардан тыс тексерулер жалғасуда.

Тексеру барысында бірқатар жүйелі заңбұзушылықтар анықталды. Олардың қатарында:

- медициналық қызметті лицензиясыз жүзеге асыру;

- санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамау;

- дәрілік заттарды сақтау шарттарының бұзылуы;

- білікті медициналық персоналдың болмауы;

- шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған қажетті жиынтықтардың болмауы бар.

Қадағалау қорытындысы бойынша 147 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 16 млн теңгеден асатын айыппұл салынды.

Министрлік бұл шаралар ең алдымен пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, медициналық қызмет сапасын арттыруға және заң талаптарының сақталуын бақылауға бағытталғанын атап өтті.

Еске салсақ, Қазақстан дәрілік заттарды реттеуде ТМД бойынша көш бастады.