Жаңа туған сәбилерге көмек: Қазақстан өңірде көшбасшы атанды
Бүгінде Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жаңа туған нәрестелерге медициналық көмек көрсету бойынша жетекші орындардың бірін иеленіп отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дүниежүзілік банк, ДДҰ, ЮНИСЕФ, БҰҰ және IGME-нің бірлескен есебіне сәйкес, 2025 жылы еліміздегі неонаталдық өлім деңгейі (өмірінің алғашқы 28 күні ішінде) 1000 тірі туған нәрестеге шаққанда 3,04-ті құрады. Бұл – өңірдегі ең үздік көрсеткіш және АҚШ деңгейімен шамалас.
«Неонатолог дәрігерлеріміз реаниматологтармен бірлесіп, дене салмағы өте төмен, яғни 500 грамнан бастап туған сәбилерді күтіп-баптап, өмірін сақтап қалу үшін медициналық көмек көрсетеді. Заманауи перинаталдық технологиялар мен медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігінің арқасында соңғы жылдары мұндай балалардың өмір сүру көрсеткіші төрт есе артты. Жаңа туған нәрестелердің қарқынды терапия бөлімшесінің бір мейіргері бір ауысым ішінде нәзік өмірді сақтап қалу үшін 20-ға дейін дәл медициналық манипуляция жүргізеді. Медициналық жабдықтар мен медицина қызметкерлері әлі толық қалыптасып үлгермеген кішкентай ағзаның әрбір тынысын үздіксіз бақылауда ұстайды», - делінеді ДСМ хабарламасында.
Өткен жылы Қазақстанда шамамен 17 мың шала туған сәби дүниеге келді және олардың әрқайсысына жоғары технологиялық медициналық көмектің толық кешені көрсетілді.
Бұл – босандыру және ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін жүйелі дамыту, заманауи медициналық технологияларды енгізу, сондай-ақ дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Еске салсақ, Денсаулық сақтау министрлігі республикалық психиатриялық ауруханаға тексеру жүргізетінін жаздық.