Жаңа нормалар билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті арттыруға бағытталған - заң ғылымдарының докторы

Бүгін, 16:45
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жаңа нормалар билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті арттыруға бағытталған - заң ғылымдарының докторы
Фото: Жамаладен Ибрагимовтың жеке архивінен

Конституцияның жаңа жобасындағы нормалар мемлекеттік билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен өзара жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Осы нормалы Конституция жобасы халықтық референдумда қолдауға ие болып қабылданса, басқару жүйесі барынша ашық әрі жүйелі болады деуге негіз бар. Заң ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов Конституциялық реформаға қатысты осылай деп пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Бір палаталы кәсіби заң шығару органы - Құрылтай құрамы сайланған кезде қабылданатын заңдардың, шешімдердің  сапасы жақсарып, қоғамның мемлекеттік билік тармақтарына сенімі нығаяды. Әрине, бұл құқықтық өзгерістер өмір сүру деңгейін бірден жақсартып жібермеуі мүмкін, бірақ құқықтық жаңғырту нәтижесінде қабылданатын Конституция жобасындағы нормалар тұрақты және жеке тұлғаға бағытталған басқару жүйесін қалыптастырады. Өз кезегінде шешімдердің сапасы жетілдіріліп, заңға, ережеге сәйкес қабылданады.

Ал Қазақ елі азаматтарының өміріне нақты әсері ,тиімділігі заңдарға енгізілетін өзгерістердің сапалылығымен тығыз байланысты. Конституция жобасына сәйкес болашақтағы «Құрылтайдың» құзіретінің күшейуі биліктің бір орталыққа шоғырлану тәуекелін азайтады. Жобадағы Конституциялық Соттың құзіретінің кеңеюуі адам және азаматтардың құқықтарын қорғаудың институционалды тетіктерін нығайтады.

Қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтатын консультативтік «Халық Кеңесі» органының құрылуы да билік шешімдерінің халықтық талқылау арқылы қабылдануына құқықтық негіз салады. Болашақтағы конституциялық деңгейде құрылатын «Халық Кеңесі» арқылы қоғамдық бірлестіктер, қоғамдық кеңестер, аймақ тұрғындары заң шығару құқығына ие болу құзіреті арқылы халық қажеттілігіне қажетті заң жобалаларын ұсынатын болады.

Халықтық референдум арқылы түбегейлі шешім қабылданатын Конституциялық жобадағы құқықтық нормалар халықтың қамына,ұлттық мүддесіне қызмет етеді деген сенім артамыз», - деді заңгер.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланғаны туралы жаздық.