Жаңа Конституцияның екі тілдегі редациясында Халық Кеңесі атауы қазақ тілінде бекітілді – Д. Шәріпбай

Жаңа Конституцияның екі тілдегі редациясында Халық Кеңесі атауы қазақ тілінде бекітілді – Д. Шәріпбай
Фото: Әділет министрлігі

ҚР ӘМ Конституциялық заңнама және мемлекеттік басқару департаменті директорының орынбасары Диас Шәріпбай жаңа Конституциядағы Халық Кеңесіне және Конституциялық Сотқа қатысты баптар туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұл туралы ол Әділет министрлігінде өткен Конституцияның жаңа редакциясы жобасын талқылауға арналған Қоғамдық кеңес отырысында айтқан болатын.

«Алтыншы бөлім екі баптан тұрады (70 және 71-баптардан). Бұл баптар жаңадан құрылатын Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты мәселелерді реттейді. Кеңес – жоғары консультативтік орган, құрамына ел азаматтары кіреді және Қазақстан халқының мүддесін білдіреді. Жаңа Конституцияның екі тілдегі редациясында оның атауы қазақ тілінде бекітілген», – деді Д.Шәріпбай.

Сонымен қатар ол Кеңестің өкілеттіктеріне заң жобаларын Құрылтайға енгізу, жалпыхалықтық референдум өткізу бастамасын көтеру, сондай-ақ өзге де маңызды функциялар кіретінін атап өтті.

«Конституциялық Сотқа қатысты нормалар жаңа Конституцияның жетінші бөлімінде қамтылған.  Конституциялық Соттың миссиясы – тәуелсіз мемлекеттік орган ретінде конституциялық бақылау жүргізу және Конституцияның үстемдігін бүкіл ел аумағында қамтамасыз ету болып анықталған (72-бап, 1-тармақ)», – деді ол.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты елордадағы мектеп директорларына жаңа Конституция жобасын түсіндіргенін жаздық.