Мәжіліс депутаты елордадағы мектеп директорларына жаңа Конституция жобасын түсіндірді

Мәжіліс депутаты елордадағы мектеп директорларына жаңа Конституция жобасын түсіндірді
Фото: Жансая Тәңірқұл

Елордадағы Ақселеу Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейінде жаңа Конституция жобасы талқыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов пен Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, елордалық бірқатар мектептің директорлары қатысты. 

Мұрат Әбенов бұрынғы Конституцияда мемлекеттің құқығын қорғауға басымдық берілсе, енді жаңа Ата Заң жобасында адам құқығы басты бағытқа айналып отырғанын атап өтті.

«Мен Ұлттық құрылтайдың мүшесі ретінде Конституцияның жаңа жабасында ғылыми жұмыстарға, шығармашылық еркіндікке, инновациялық еркіндікке мемлекет тарапынан кепілдік берілуі керек деген ұсыныс айттым. Мысалы, «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған мектептер зертханалармен және басқа да заманауи құралдармен жабдықталған. Соның нәтижесінде ауылдың балалары да робототехникадан шетелдерге барып, халықаралық конкурстардан жүлделі орындарға ие болып жүр», – деді Мұрат Әбенов.

Мәжіліс депутаты кейбір жекеменшік мектептің заңға қайшы олқы тұстарын сынға алды.

Өз кезегінде білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс жүргізетін кейбір жекеменшік мектептің талапқа сай емес екенін атап өтті. Бұрын жекеменшік мектептердің қалалық білім басқармасының құзырына қарамағынын айтты.

Жиын барысында мектеп директорлары спикерлерге сұрақтарын қойып, ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Бұған дейін Астана қаласы Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасында жаңа Конституциясы жобасының негізгі ережелеріне арналған ақпараттық-түсіндіру кеңесі өткенін жаздық.