Жаңа Конституция жобасының экологиялық нормалары талқыланды

Бүгін, 10:01
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Жаңа Конституция жобасының экологиялық нормалары талқыланды
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Экология және табиғи ресурстар министрлігінде өткен аппараттық кеңес барысында жалпыұлттық талқылауға шығарылған Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясы жобасының экологиялық ережелеріне ерекше назар аударылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Атап айтқанда, Негізгі заң деңгейінде алғаш рет табиғатқа ұқыпты қарау қағидаты бекітіліп, ол жалпыұлттық басымдық мәртебесіне ие болатыны және мемлекеттік экологиялық саясаттың құқықтық негізін едәуір күшейтетіні атап өтілді.

Кеңеске қатысушылар экологияның мемлекеттің базалық құндылығы ретінде айқындалатынын, ал табиғатты сақтау және табиғи ресурстарға ұқыпты қарау міндеті әрбір азаматқа жүктелетінін атап өтті. Сонымен қатар мемлекет адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемені өзіне алып, экологиялық қауіптерді жасыру фактілері үшін заңды жауапкершілік енгізілетінін жеткізді.

Аталған нормалар табиғатты қорғау саясатының құқықтық негізін нығайтып, декларативті экологиядан нақты экологиялық жауапкершілікке көшуге мүмкіндік беретіні айтылды. Конституцияда экологиялық міндеттердің бекітілуі заңнама мен құқық қолдану тәжірибесі үшін құндылықтық бағдар қалыптастырып, экологиялық зиянның алдын алу және «ластаушы төлейді» қағидаттарын қамтиды.

Кеңес қорытындысы бойынша Конституция жобасының ережелері экологиялық заңнаманы дамытуға, азаматтардың экологиялық құқықтарын қорғауға және қоғам мен болашақ ұрпақтың ұзақ мерзімді мүдделерін ескере отырып, орнықты даму моделіне көшуге берік негіз қалыптастыратыны атап өтілді.

Еске салайық, Конституциялық комиссияда жаңа Ата заңды бүкілхалықтық референдумға шығару ұсынылды.