Жаңа Конституция жобасына енген нормалар саяси жүйенің бірізділігін бекітеді – Президент

Бүгін, 11:36
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Жаңа Конституция жобасына енген нормалар саяси жүйенің бірізділігін бекітеді – Президент
Фото: akorda.kz

Бұл туралы Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Жаңа Конституция жобасына енген нормалар Қазақстанның саяси жүйесінің даму қисыны мен бірізділігін бекітеді. Ол, ең алдымен, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделеді.

Соңғы жылдардағы саяси реформаларға кеңінен қарасақ, Қазақстан суперпрезиденттік билік формасынан түбегейлі бас тартып, беделді әрі ықпалды Парламенті бар президенттік республика үлгісіне көшкеніне көз жеткізуге болады. Ұсынылып отырған өзгерістер – осы үдерістің заңды жалғасы.

Соңғы жылдардағы саяси жаңғыртулар, соның ішінде 2022 жылғы конституциялық реформа мемлекетіміздің конституциялық негізін толық қайта құру қажет екенін көрсетеді.

Шын мәнінде, бұл – мемлекетті басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру деген сөз. Ұсынылған түзетулер билік құзыреттерін қайта бөлуге, тежемелік және тепе-теңдік жүйесіндегі теңгерімді күшейтуге, ең бастысы, барлық саяси институттардың тиімділігі мен орнықтылығын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жаңа Конституция жобасында «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындала түсті. Біз 2019 жылдан бері дәйекті түрде осы жолмен жүріп келеміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Конституция жобасында табиғатты қорғау мәселесіне де назар аударылғанын айтты.

«Түптеп келгенде, ұсынылып отырған өзгерістердің арқауы – бір. Бұл – адамдардың және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Бұл – жалаң сөз емес. Біз адам құқығының қорғалуына кепілдік беретін және оның нақты жолдары айқын көрсетілетін біртұтас жүйе қалыптастырамыз.

Мысалы, адвокаттардың ұсынысымен Ата заң жобасына адвокатура туралы жеке бап қосылды. Жаңа Конституция жобасында білім беру жүйесіне баса мән беру арқылы мемлекеттің зайырлы сипаты да нақтылана түсті.

Ал «Неке – еркек пен әйелдің ерікті және теңқұқылы бірлестігі, яғни одағы» деген тұжырым арқылы қоғамдағы дәстүрлі құндылықтарды сақтап қалу мақсаты көзделді.

Конституция жобасында табиғатты қорғау мәселесіне де назар аударылды. Меніңше, бұл – өте маңызды нәрсе.

Түзетулердің ішіне тағы бір аса қажетті норманы енгізу керек. Қазіргі Конституцияда «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже бар. Осы ережені «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға» да сот шешімінсіз жол берілмейді деп толықтырған жөн.

Меніңше, бұл – жаңа Конституцияның сипатына толық сай келетін әлеуметтік норма. Конституциялық комиссия мүшелерінен осы ұсынысты қарауды сұраймын.

Тұтастай алғанда, Негізгі Заң жобасында Қазақстанның қарқынды дамуына, ұлтымыздың ұйысуына қажетті іргелі қағидаттар мен құндылықтар толық қамтылған», - деді Мемлекет басшысы.