Референдум-2026

Жаңа Конституция ғылым мен инновацияның дамуына жаңа мүмкіндік береді – Азамат Байғалиев

Жаңа Конституция ғылым мен инновацияның дамуына жаңа мүмкіндік береді – Азамат Байғалиев
Фото: Нұрдәулет Кәкіш

«Жаңа конституциялық кезең: әлеуметтік-құқықтық дамудың жаңа бағдарлары» тақырыбындағы «Sarap» сарапшылық клубының отырысы барысында Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Азамат Байғалиев журналистерге берген сұхбатында жаңа Конституциядағы ғылым, білім және инновация саласына қатысты өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz

Азамат Байғалиев жаңа Конституцияның күшіне енуін елдің құқықтық және қоғамдық дамуының маңызды кезеңі деп бағалады.

Оның айтуынша, жаңа Ата Заңда ғылым, білім және инновация салаларының конституциялық деңгейде бекітілуі – мемлекеттің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын маңызды қадам.

«Бұл талқылау барысында жаңа Конституцияның құқықтық, әлеуметтік және қоғамдық маңызына қатысты көптеген мәселе қаралды. Соның ішінде ғылым, инновация және білім берудің конституциялық мәртебеге ие болуы ерекше мәнге ие. Бұл – Қазақстанның заманауи даму моделінде ғылыми әлеуетке басымдық беретінін көрсетеді», – деді Азамат Байғалиев.

Сарапшының пікірінше, ғылымды стратегиялық бағыт ретінде бекіту отандық ғалымдарға маңызды қолдау береді.

«Бұл – ғалымдар үшін үлкен мүмкіндік. Мемлекет ғылымды, білімді және инновацияны ел дамуының тұрақты бағыты ретінде қолдайтынын көрсетіп отыр. Яғни ғылыми зерттеулердің маңызы артып, сараптамалық және аналитикалық жұмыстардың рөлі күшейе түседі», – деді ол.

Азамат Байғалиев жаңа Конституциядағы бұл өзгерістер инвесторлар үшін де маңызды белгі екенін атап өтті.

«Қазақстан инновациялық даму жолын таңдағанын көрсетеді. Қазіргі әлемде экономиканың бәсекеге қабілеттілігі ғылым мен технологияға тікелей байланысты. Сондықтан ғылымның конституциялық деңгейде бекітілуі еліміздің технологиялық даму бағытына деген сенімін арттырады», – деді сарапшы.

Ол ғылымды Конституция деңгейінде бекіткен мемлекеттердің қатарында Германия, Швейцария, Жапония, Португалия, Испания және Италия сияқты дамыған елдер бар екенін атап өтті.

«Бұл мемлекеттер әлдеқашан ғылым мен инновацияның заманауи экономиканың негізгі қозғаушы күші екенін түсінді. Қазақстан да осы бағытты таңдап отыр», – деді Азамат Байғалиев.

Сарапшы мемлекеттік шешімдер қабылдауда ғылыми зерттеулер мен кәсіби сараптаманың рөлі артып келе жатқанын айтты.

«Соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру көлемі артты. Сонымен қатар ғылыми зерттеулер мен аналитикалық орталықтардың жұмысына қойылатын талаптар да күшейді. Қазір мемлекеттік органдардың кәсіби сарапшылармен, ғылыми қауымдастықпен байланысы нығайып келеді. Бұл үдеріс өңірлерде де байқалады», – деді ол.

Азамат Байғалиевтің айтуынша, бүгінде елде қабылданып жатқан көптеген экономикалық, әлеуметтік және саяси шешімдер ғылыми зерттеулер мен талдау нәтижелеріне сүйенеді.

Сонымен қатар сарапшы жаңа Конституцияда бала құқығы, отбасы құндылықтары және келешек ұрпақты қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылғанын атап өтті.

«Конституция ең алдымен азаматтарды, соның ішінде балаларды қорғауға бағытталған. Егер бала өз құқығы бұзылды деп есептесе, ол Конституцияға сүйене отырып, өз құқықтарын қорғау мүмкіндігіне ие болады. Бұл – ата-аналар, білім беру ұйымдары және мемлекеттік органдар үшін негізгі бағдар», – деді Азамат Байғалиев.

Оның пікірінше, жаңа Конституция қоғамның тұрақты дамуына, азаматтардың құқықтарын қорғауға және мемлекеттің болашаққа бағытталған саясатын жүзеге асыруға негіз болады.