Референдум-2026

Заң мен тәртіп: ІІМ заңсыз контент таратушыларға ескерту жасады

Бүгін, 13:49
Думан Аманжол Думан Аманжол
Заң мен тәртіп: ІІМ заңсыз контент таратушыларға ескерту жасады
Фото: Ішкі істер министрлігі

Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желіде заңға қайшы контент таратқан тоғыз авторды әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің мәліметінше, құқық бұзушылар TikTok платформасындағы тікелей эфирлерде лайк, қаралым мен донат жинау мақсатында балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен, қауіпті пранктер ұйымдастырып, азаматтарды қорлаған.

«Ең өкініштісі - олардың әдепсіз әрекеттеріне күн сайын әлеуметтік желілердің өзге қолданушылары, әсіресе кәмелетке толмаған балалар куә болды. Мысалы, TikTok-та "Бауырсақ" лақап атымен Астана қаласының 37 жастағы тұрғыны Ештаева Индира Оразқызы тікелей эфир барысында балағат сөздер айтып, заңсыз контент таратқан. Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін оған әкімшілік айыппұл салынды», - деді ол.

Сондай-ақ Алматы қаласының тұрғыны Батырбек Ақтөре Сейсембекұлы тікелей эфир барысында айналасындағыларды балағаттап, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін сот шешімімен бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Шымкент қаласының тұрғыны Данияр Сейдалиев аудиторияның назарын аудару үшін тікелей эфирде электрошокер қолданып, адам ұрлау көрінісін әдейі ұйымдастырған. Сондай-ақ эфир кезінде балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзғаны үшін сегіз тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Жамбыл облысының тұрғыны Лайло Қасымова («Алтын қыз» лақап атымен) бірнеше рет тікелей эфирге шығып, заңға қайшы контент таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Сондай-ақ осы облыстың тұрғындары Байбек Жарқынай мен Танаберганов Асылжан TikTok-та донат жинап, аудитория тарту мақсатында тікелей эфирде бір-біріне әдейі дене жарақатын салып, «хайп» үшін контент жасаған. Екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ІІМ өкілі анонимді аккаунттың тасасына жасырыну жауапкершіліктен құтқармайтынын ескертті.

«Ішкі істер министрлігінде кез келген құқық бұзушының жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін барлық қажетті құралдар бар. Осындай әрбір құқық бұзушылық анықталады. Әрбір құқық бұзушы заңға сәйкес жауапқа тартылады. Алдағы уақытта да құқық бұзушылардың есімдерін тек алдын алу және профилактикалық мақсатта жариялап, көрсететін боламыз. 

Біз қоғамдық мінез-құлық мәдениетін бұзатын, жастарға теріс үлгі көрсететін, дөрекілік, зорлық-зомбылық, адамдарды қорлау, әдепсіз әрекеттер және қоғамдық тәртіпке қайшы басқа да іс-әрекеттер арқылы танымал болуға тырысатын тұлғалардан цифрлық кеңістікті жүйелі түрде тазартуды жалғастырамыз. Азаматтардың басым көпшілігі мұндай контентті құптамайды. Халық интернетте заң бұзатындарға қатысты шара қолдануды талап етіп, полицияға тікелей жүгінеді. Әрбір мұндай өтініш міндетті түрде қаралады.

Заң мен Тәртіп - жай ғана ұран емес, бұл әрбір азамат үшін міндетті қағида. Ішкі істер министрлігі оның сақталуын шынайы өмірде де, цифрлық кеңістікте де мүлтіксіз қамтамасыз етуді жалғастырады», - деді департамент бастығы - ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Еске салсақ, ІІМ коммуналдық қызметшілердің атын жамылған алаяқтардан сақ болуға шақырды.