Вице-Президентті Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды – Ержан Жиенбаев

Вице-Президентті Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды – Ержан Жиенбаев
Фото: Конституциялық сот

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Вице-президенттің өкілеттігіне қатысты конституциялық өзгерістер туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Конституциялық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ержан Жиенбаевтың айтуынша, Вице-Президентті жалпы депутаттар санының көпшілік дауысымен білдірілген Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды.

«Вице-Президентті қызметінен Президент босататын болады. Вице-Президент: Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін білдіреді; Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Президенттің атынан өкілдік етеді.

Сонымен қатар Вице-Президент Қазақстан Республикасы Президенті атынан Қазақстан Республикасының және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады», - деді Ержан Жиенбаев.

Оның сөзінше, Вице-Президенттің өзге де өкілеттері Президентпен айқындалады.

«Вице-Президент институтының енгізілуіне байланысты Конституциядан Мемлекеттік кеңесші туралы нормалар алынып тасталады. Конституция деңгейінде Вице-Президентке қойылатын талаптарды көздеу қажет.

Вице-Президент өкілді органның депутаты болмауға, өзге де ақылы лауазымдарды атқармауға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмауға тиіс.

Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде Вице-Президент саяси партияның мүшесі болмауға тиіс. Мұндай тәртіп саяси бәсекелестікті арттыруға және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымға сәйкес келеді», - деді ол.

Бұған дейін Ержан Жиенбаевтың Қазақстанның Халық Кеңесі ҚХА мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын орындауды жалғастыратынын айтқанын жаздық.