Қазақстанның Халық Кеңесі ҚХА мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын орындауды жалғастырады
Бұл туралы Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz Конституциялық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы бірнеше жыл бойы мұқият қалыптастырып келе жатқан саяси құрылымның үйлесімді түйіні ретінде тарихи әрі маңызды ұсыныс айтты.
Президент бірқатар елде бар Вице-президент институтын енгізуді ұсынды. Мемлекет басшысының өзі атап кеткендей, біздің жағдайымызда бұл лауазымды енгізу мемлекетті басқару процесін тұрақтандырады. Сондай-ақ билік иерархиясын біржола айқындап береді», - деді ол.
Сонымен қатар ол реформалардың жаңа кезеңінде қоғам дамуының барлық мәселесіне қатысты тұрақты жалпыұлттық диалог жүргізу үшін ауқымды платформа ретінде Қазақстанның Халық кеңесін құру ұсынылғанын атап өтті.
«Аталған орган халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға ықпал ететін негізгі қоғамдық саяси бірлестіктер мен құрылымдарды қосып, Қазақстан Халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың сратегиялық функцияларын орындауды жалғастырады. Осы екі маңызды институт бойынша негізгі ережелер Конституция деңгейінде тиісті регламенттеуді талап етеді», - деді Ержан Жиенбаев.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақтың Конституцияның преамбуласын жаңарту елдің идеологиялық бағытын айқындайтынын айтқанын жаздық.