Венадағы Түркі апталығы ТМҰ-ның көпжақты ықпалдастығын нығайтты

Бүгін, 18:25
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Венадағы Түркі апталығы ТМҰ-ның көпжақты ықпалдастығын нығайтты
Фото: Түркі мемлекеттер ұйымының сайтынан

12–15 қаңтар аралығында Венада өткен Түркі апталығы – Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) айтулы іс-шараларының бірі. Бұл ұйымның халықаралық деңгейдегі көпжақты өзара ықпалдастығын едәуір нығайтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Түркі мемлекеттер ұйымының сайтына сілтеме жасап.

ТМҰ-ға мүше елдер, Венадағы халықаралық ұйымдарды, дипломатиялық миссиялар, сарапшылар, мәдениет қайраткерлері мен түркі диаспорасының өкілдерін бір арнаға тоғыстырды. Мұнда Түркі апталығы Түркі әлемінің ортақ мұрасын, стратегиялық бағыт-бағдарын және ынтымақтастығын кешенді түрде танытты.

Көрменің ашылу салтанатында Түркі әлемінің өркениеттер арасындағы  рөлі дәріптелді.

«Түркі апталығы ТМҰ мен Венадағы дипломатиялық миссия өкілдерінің басын қосқан жұмыс кездесуінен басталды. Түркі апталығының алғашқы іс-шарасы ретінде ТМҰ мен Түркі академиясы бірлесіп «Жібек жолы бойындағы Түркі әлемі» тақырыбында фотокөрме ұйымдастырды. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымының Венадағы бөлімшесінде (UNOV) ашылды. Ашылу салтанатына Венадағы халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды тұлғалары, дипломатиялық миссия басшылары мен мәртебелі қонақтар қатысты», - деп жазылған баспасөз хабарламасында.

Аталмыш жиында БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (UNODC) операциялар жөніндегі директордың міндетін атқарушы  өкілі  Бо Матиасен, Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Бас хатшысы, Елші Кубанычбек Омуралиев, Әзербайжанның ТМҰ-ға төрағалығы аясында Әзірбайжан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Самир Шарифов, БҰҰ-ның Өнеркәсіптік даму ұйымы (UNIDO) Бас директорының орынбасары Фату Хайдара және БҰҰ-ның Ғарыш кеңістігі жөніндегі істер басқармасы (UNOOSA) директорының орынбасары Дрисс Эль-Хадани, сондай-ақ, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің Бас директордың міндетін атқарушысы Луис Лонгория сөз сөйледі.

Сөз тізгінін алған қонақтар Түркі әлемінің ұлаң-ғайыр кеңістікте өркениеттерді байланыстырған тарихи рөліне тоқталып, Жібек жолын жаһандық байланыстың мәңгілік символы ретінде бағалады. Көрме Түркі әлемінің тарихи тереңдігін, мәдени әралуандығын және өркениеттік мұраға қосқан үлесін Венадағы зиялы қауымға баян етті.

«ТМҰ Бас хатшысы Елші Кубанычбек Омуралиев Венадағы халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды өкілдерімен, атап айтқанда, МАГАТЭ Бас директоры Рафаэль Мариано Гросси, UNOOSA директорының орынбасары Дрисс Эль-Хадани және UNIDO Бас директорының орынбасары Фату Хайдарамен бірқатар жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулерде институционалдық диалогты тереңдету, нақты әрі нәтижеге бағытталған ынтымақтастық бағыттарын айқындау, сондай-ақ, өнеркәсіптік даму, инновация, ғылым және озық технологиялар салаларында ТМҰ-ның халықаралық қауымдастықпен өзара іс-қимылын нығайту мәселелері талқыланды. Жоғары деңгейдегі дөңгелек үстел отырысы: Орта дәліздің стратегиялық маңызы айтылды», - деп жазылған ақпаратта.

13 қаңтарда Түркі апталығы аясында ТМҰ Бас хатшысы Елші Кубанычбек Омуралиев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Бас хатшысы Феридун Х. Синирлиоғлумен кездесті. Бұл кездесу ТМҰ мен Венада орналасқан жетекші көпжақты институттар арасындағы тығыз әрі сындарлы диалогты тағы бір мәрте растады.

Түркі апталығының негізгі саяси іс-шараларының бірі ретінде «Жібек жолынан Орта дәлізге: көлік пен сауданы жеңілдету арқылы байланысты дамыту» атты тақырыбымен ЕҚЫҰ-ның Хофбург ғимаратында өткен жоғары деңгейдегі дөңгелек үстелді атап өтуге болады.

Ашылу салтанатында ЕҚЫҰ Бас хатшысы Феридун Х. Синирлиоғлу мен ТМҰ Бас хатшысы Елші Кубанычбек Омуралиев сөз сөйледі. Отырысты ЕҚЫҰ-ның Экономикалық және экологиялық қызметтер жөніндегі үйлестірушісі Елші Бакыт Джусупов жүргізді.

Жиынға ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің көлік және сауда салаларындағы жоғары лауазымды өкілдері, Халықаралық автомобиль тасымалдау одағы (IRU) мен Дүниежүзілік банк сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдері, қаржы институттары және жеке сектордың мүдделі тараптары қатысты. Қатысушылар Орта дәліздің Шығыс–Батыс бағытындағы байланысты, сауданы жеңілдету маңызын  және т.б. талқылады. Іс-шара ТМҰ-ның өңірлік және жаһандық байланыстылық күн тәртібін дамытудағы белсенді әрі бастамашыл рөлін айшықтады.

Венадағы Түркі апталығы аясында 13 қаңтарда MuTh концерт және театр залында Түркі өнерпаздарының гала концерті өтті. Іс-шараға Венадағы халықаралық ұйым өкілдері, дипломатиялық миссия қызметкерлері, түркі диаспорасының мүшелері мен зиялы қауымнан тұратын 400-ден астам қонақ қатысты.

«Түркі мемлекеттерінен келген өнерпаздардың сахналық қойылымдары Түркі әлемініі бай әрі сан қырлы мәдени мұрасын айшықтады және көрерменнің зор ықыласына бөленді. Диаспора бағдарламасы институционалдық әлеует пен халықтар арасындағы байланыстарды нығайтты. Түркі апталығы аясында ТМҰ мен Әзербайжан Республикасының Диаспорамен жұмыс жөніндегі мемлекеттік комитетінің ұйтқысымен, Венадағы Әзербайжан мәдени орталығында ТМҰ-ның 3-ші Диаспора әлеуетін арттыруға арналған оқыту бағдарламасы өтті. Бағдарлама ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің дипломатиялық миссия басшыларын, диаспора ұйымдарының жетекшілерін және Еуропаның әр түкпірінен келген түркі диаспорасы ұйымдарының өкілдерінің басын қосты», - деп жазылған хабарламада.

Ашылу салтанатында ТМҰ Бас хатшысы Елші Кубанычбек Омуралиев пен ТМҰ-ға мүше елдердің Венадағы Төтенше және Өкілетті елшілері мен тұрақты өкілдері сөз сөйледі. Сессияларда диаспора ұйымдарының институционалдық әлеуетін нығайту, диаспоралық желілер арасындағы үйлестіруді арттыру және халықтар арасындағы байланысты бекемдеу мәселелері пысықталды. Сондай-ақ, түркі диаспорасының Түркі әлемін халықаралық деңгейде танытудағы рөлі талқыланды.

Түркі апталығы Түркия Республикасының төрағалығымен ұйымдастырылған салтанатты қабылдаумен аяқталды. Женевада өткен алғашқы түркі апталығынан кейін өткен екінші айтулы іс-шара  бұл бастаманың институционалданған әрі орнықты платформаға айналғанын көрсетті.

ТМҰ Хатшылығы ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері мен дипломатиялық миссияларына, БҰҰ-ның Венадағы бөлімшесіне, ЕҚЫҰ-ға, тиісті ұйымдар мен диаспора өкілдіктеріне, сондай-ақ, ТМҰ-ға төрағалығы аясында Әзербайжан Республикасына қолдаулары үшін шынайы алғыс білдірді.

Венадағы бұл жиын Түркі апталығының диалог, мәдени өзара ықпалдастық және серіктестік үшін тұрақты әрі институционалданған платформаға айналып келе жатқанын тағы бір мәрте айшықтады.

Жалпы алғанда, Венадағы Түркі апталығы Түркі әлемінің стратегиялық бағыт-бағдарын, мәдени мұрасы мен ынтымақтастық күн тәртібін көпжақты жүйенің өзегінде тиімді түрде паш еткен жоғары деңгейдегі дипломатиялық бастама болды. Іс-шара дәстүрге айналған Түркі апталығы бастамасын алдағы жылдарда да  әлемнің өзге де маңызды дипломатиялық орталықтарында жалғастыруға берік негізін қалады.