Ұлттық тауарлар каталогын қалыптастыруда жасанды интеллект қолданылады
Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов ведомствоның алқа отырысында Қазақстандағы сауданы цифрландыру бойынша негізгі жобалар туралы баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның бапсасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әсет Нүсіповтің айтуынша, министрлік жұмысының басты бағытының бірі –сауданы жасырын экономикадан шығару және нарықтың ашықтығын арттыру.
Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтердің жалпы жіктеуіші мен Ұлттық тауарлар каталогы енгізіліп жаты. Сондай-ақ таңбаланатын тауарлар тізбесі кеңейтілуде. Былтыр екі жобаны міндетті қолдануды бекітетін заңнамалық нормалар қабылданды.
«Цифрлық жобалар тауарларды сәйкестендірудің бірыңғай архитектурасын қалыптастырады. Бұл бастамалар сауданың ашықтығын арттыруға, отандық тауарларды сөрелерде ілгерілетуге және экспортты дамытуға бағытталған. Қазіргі уақытта Ұлттық тауарлар каталогын толықтыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Күн сайын бірнеше жүз мың тауар карточкасы енгізіледі. Жасанды интеллект негізіндегі жүйе деректерді қайталану фактілерін тексеріп, ақпараттың толықтығы мен сапасын бағалайды», - деді вице-министрі Әсет Нүсіпов.
Бұл жұмыс Электрондық қаржы орталығымен, Қаржы министрлігімен және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жүзеге асырылып келеді.
Таңбаланатын тауарлар тізбесін кеңейту жоспарланып отыр. Цифрлық таңбалау жүйесін енгізу кезең-кезеңімен және ашық түрде жүзеге асырылады. Болжам бойынша, қабылданған шаралар жасырын айналым көлемін 1 трлн теңгеден астам қысқартуға мүмкіндік береді.
Сауда ағындарын талдау құралы әзірленуде. Бұл құрал нарықтар, сауда нысандары және баға ахуалы бойынша аналитикасы бар бірыңғай цифрлық терезе қалыптастыруға мүмкіндік береді. Аталған шешім азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, баға және инфляциялық үдерістерге талдау жүргізуді жетілдіруге, сондай-ақ басқарушылық шешімдерді жедел қабылдауға бағытталған.
Еске сала кетсек, Қазақстан ЕАЭО елдері арасында азық-түлік тауары бойынша ең төмен бағаны сақтап отырырғанын хабарладық.