Ұлттық домбыра күні – жас ұрпақтың ұлттық рухын көтеретін маңызды мереке – Кендебай Адамбек
Астана қаласы мәслихатының депутаты Кендебай Адамбек Ұлттық домбыра күніне орай қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, ұлттық аспаптың қазақ халқының рухани мұрасындағы айрықша орнына тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Депутаттың айтуынша, Ұлттық домбыра күні – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, дәстүрлі өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің маңызын айшықтайтын мереке.
Биылғы мереке жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі кезеңмен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өткен ол сондай-ақ өзіне домбыра үйреткен ұстазы Жақсылық Нәдірбековті (Балқаш қаласындағы музыка мектебінің Қоңырат кентіндегі филиалы) мерекемен құттықтады.
Ол Ұлттық домбыра күні 2018 жылдан бері аталып өтетінін еске салып, бұл мерекенің қазақтың ұлттық музыкалық мұрасын кеңінен насихаттауға қызмет етіп келе жатқанын айтты.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев домбыраның ұлттық мәдениетті сақтаудағы маңызына тоқталған болатын. Мемлекет басшысы Ұлттық домбыра күні қазақ халқының болмысын айшықтап, жас ұрпақтың ұлттық рухын көтеретін маңызды мереке екенін атап өтті», – деді Кендебай Адамбек.
Сонымен қатар мәслихат депутаты қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, елге бірлік, амандық және ұлттық құндылықтардың мәңгі жасай беруін тіледі.
Бұған дейін Астанада Ұлттық домбыра күніне арналған концерт өткенін жаздық.