Үкімет бастапқы кезеңде қаланың негізгі инфрақұрылымын дамыту мақсатында қаржы бөліп отыруы керек - Президент
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
«Жалпы, мұндай инвестициялық тәсіл – әбден орынды және ойға қонымды. Мемлекет инфрақұрылымға инвестиция салса, жеке капитал да келе бастайды. Соның арқасында салық түсімі артады, жаңа инфрақұрылым пайда болады. Осылайша, қолға алынған жұмыстың ауқымы кеңейе береді.
Ал негізгі инфрақұрылымға бастапқы инвестиция салу міндеті тек жеке секторға ғана жүктелсе, жобалардың инвестициялық тартымдылығы әлсірейді. Мұндай жағдай тарифі жоғары монополия құрылымдарының пайда болуына әкеп соқтырады және ақыр соңында дамуды тежейді.
Сондықтан Үкімет бастапқы кезеңде қаланың негізгі инфрақұрылымын дамыту мақсатында тұрақты түрде қаржы бөліп отыруы керек. Басқа жол жоқ.
Қажет болса, орнықты кіріс қоры қалыптасқанша Алатауға қосымша лимиттерді және мемлекеттің кепілдігімен қарыз алу құқығын беруге болады.
Дегенмен бюджет қаржысы тек инвестициялық мақсатқа сай жұмсалуға тиіс. Қаланың ұзақмерзімді даму бағдары басты назарда болуы керек», - деді Президент.