ТЖМ өңірлердегі авиажасақты кеңейтуді қолға алды
Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің өңірлерде 20 авиациялық құтқару жасағын құру жоспары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлытау облысында алғашқы авиациялық құтқару, жасағы құрылған сәттен бастап өзінің жоғары тиімділігін іс жүзінде дәлелдеді. Осы уақытқа дейін барлығы 41 жедел ұшу жұмысы атқарылды. Атап айтқанда 5 іздестіру жұмысының нәтижесінде 6 адам құтқарылса, санитарлық авиация желісі бойынша 36 рет ұшу іске асырылып, 39 азаматқа, соның ішінде 9 балаға дер кезінде шұғыл медициналық көмек көрсетілді.
Алғашқы авиациялық ангар төтенше жағдайларға ден қоюдың жеделдігін арттыруға, әуе кемелерінің бір жерде орналасып, экипаж мүшелерінің жауынгерлік дайындықта болуына және ТЖМ авиация қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған.
«Бұл тәжірибені республиканың қалған өңірлеріне де жасаймыз және ол алғашқы авиажасақтан артық болмаса кем болмау керек», - деп атап өтті ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов.
Көрсетілген нәтижелер аталған жобаның тиімді жүзеге асырылғанын және оның төтенше жағдайларға уақтылы ден қоюдағы маңыздылығын растап отыр.