Түркістан облысының диқандары Ресейге ерте пісетін қырыққабат өнімін экспорттады
Түркістан облысының диқандары «Пекинка» сұрыпты қырыққабат өнімінің алғашқы топтамасын Ресей нарығына шығарды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл облыстағы шаруашылықтың бірі 4 гектар алқапқа ерте пісетін қырыққабат еккен. Оған тамшылатып суару заманауи агротехнологиясы қолданылды. Бұл өнімнің шығымы мен сапасын арттыруға мүмкіндік бермек. Нәтижесінде 120 тонна өнім алу жоспарланып отыр.
«Жалпы Мақтаарал ауданында 1 404 гектар жерге көкөніс дақылы егілген. Оның 1 016 гектары сұранысқа ие қырықабаттың «Ринда», «Пекин» және «Пандион» сұрыптары», - делінген хабарламада.
Өнім тек ішкі нарықта ғана емес, Ресей мен Еуропа елдерінде де жоғары бағаланады.
Мәселен, былтыр Мақтаарал ауданында 520 гектар алқапта 11 мың тонна қырыққабат өсіріліп, оның едәуір бөлігі Ресей мен Беларуське экспортталған еді.
Айта кетейік, Түркістан облысының аграрлық саласының негізгі ерекшелігінің бірі — жер ресурстарын тиімді пайдалану. Ерте пісетін қырыққабат жиналғаннан кейін сол алқаптарға бақша дақылдары, мақта, жүгері және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Бұл жылына екі, кей жағдайларда үш рет өнім алуға жол ашады.
Еске салайық, бұған дейін Қостанайдан Нью-Йоркке 24 тонна ұн экспортталғаны туралы жаздық.