Қостанайдан Нью-Йоркке 24 тонна қазақстандық ұн экспортталды

Бүгін, 17:28
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қостанайдан Нью-Йоркке 24 тонна қазақстандық ұн экспортталды
Фото: freepik.com

Еліміздегі KTZ Express компаниясы Транскаспий халықаралық көлік бағыты инфрақұрылымын пайдалана отырып, Қостанай – Нью-Йорк бағыты бойынша қазақстандық бидай ұнын жеткізудің жаңа жөнелтілімін ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Жүк 2026 жылғы 10 наурызда жіберіліп, құрамына Қазақстандағы ірі ұн тарту кәсіпорындарының бірі әрі Орталық Азиядағы жетекші компаниялардың қатарындағы Salamat Company LLP өндірген 24 тонна өнім кірді. Қазақстандық ұнға деген сұраныстың артуы халықаралық нарықтардың біздің еліміздің өніміне тұрақты қызығушылық танытып отырғанын көрсетеді.

«Жүк тасымалы теміржол және теңіз көліктерін кезектестіре қолдану арқылы көптүрлі (мультимодальды) контейнерлік форматта жүзеге асырылды. KTZ Express тасымалдың бастапқы кезеңін - жүктi контейнерге тиеу мен оны Қостанайдан Ақтау портына дейін жеткізуді қамтамасыз етті. Одан кейін жүк Каспий теңізі арқылы Алат портына жеткізіліп, әрі қарай Поти порты арқылы Қара теңізбен тасымалданып, Стамбул қаласы арқылы Жерорта теңізіне шықты. Соңғы кезеңде бағыт Атлант мұхиты арқылы өтіп, жүк Нью-Йорк портына жеткізіледі», - делінген хабарламада. 

Теңіз арқылы тасымалдау әлемдегі ең ірі кеме қатынасы компанияларының бірі - CMA CGM серіктестігімен қолға алынуда. Жалпы транзит уақыты 58 күнді құрайды.

KTZ Express компаниясының мәліметінше, жүк жөнелтілген сәттен бастап соңғы жеткізу нүктесіне дейін толық бақылауда болады.
Бұл тасымал тізбегінің сенімділігі мен ашықтығын, сондай-ақ жаңа нарықтарға шығу үшін бағыттың тиімділігін дәлелдейді.

Еске салайық, бұған дейін көктемгі егін егу және жинау жұмыстарына 700 млрд теңге бағытталғаны туралы жаздық.