Түркістан облысында заңсыз темекі өндірген астыртын цехтардың жұмысы тоқтатылды
Түркістан облысы прокуратурасының үйлестіруімен Келес және Ордабасы аудандарында екі ірі астыртын цехтың темекі өнімдерін дайындаумен айналысқаны анықталып, жұмысы толықтай тоқтатылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тексеру барысында аталған объектілерден 1 млн данадан астам тыйым салынған дайын өнім, 30 тоннадан астам темекі шикізаты, ароматизаторлар мен улы химиялық қоспалар, өндірістік арнайы жабдықтар, сондай-ақ 5 млн астам қаптамалық пакеттер тәркіленген.
Заңсыз өндірілген өнім еліміздің барлық аумағына тұрақты әрі үздіксіз жеткізіліп, саудаға шығарылған.
Негізгі тарату көлемі Астана, Қарағанды, Шымкент және Павлодар қалаларында анықталды.
Аталған факті бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ҚК 301-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
Прокуратура халық денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттермен күрес жұмыстарын жалғастыруда.
«Түркістан облысының прокуратурасы көлеңкелі экономикамен тұрақты күрес жүргізуде. Атап айтқанда, өткен жылдың наурыз айында облыс прокуратурасының үйлестіруімен Экономикалық тергеп-тексеру департаменті шегілмейтін темекі өнімдерін (снюс) заңсыз өндірумен айналысқан ірі астыртын цехтың қызметін әшкереледі. Аталған қылмыстық іс бойынша сот үкімі шығып, кінәлі тұлғалар заңда белгіленген жауаптылыққа тартылды», - делінген хабарламада.
Бұған дейін Бас прокуратурада цифрландыру және қадағалау қызметін күшейту мәселелері қаралғанын жаздық.