Тоқаев Үкіметке еріктілер ісін дамыту бойынша құжат әзірлеуді тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке еріктілер ісін дамыту бойынша 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа мазмұнды құжат әзірлеуді тапсырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Волонтерлікті дамыту үшін мемлекет деңгейіндегі жаңа жүйелі шаралар қажет.
Биыл еріктілер ісін дамытуға арналған үш жылдық Жол картасын іске асыру мерзімі аяқталады. Сондықтан Үкімет 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа мазмұнды құжат әзірлегені жөн.
Бұған дейін қабылданған шаралардың тиімділігіне баға беру және Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сай волонтерлік қозғалысты нығайту үшін қосымша ынталандыру тетіктерін қарастыру маңызды», - деді Мемлекет басшысы.
Президент бизнес өкілдері корпоративтік волонтерлік қызметке назар аударып, осы бағыттағы жобаларға барынша қолдау көрсетуі керектігін айтты.
«Корпоративтік еріктілер қозғалысын дамыту – өте маңызды міндет.
Бизнес әлеуметтік жауапкершілікті сезіне білуге тиіс. Мемлекетіміз ұлттық буржуазияны үнемі қолдауда, ал біздің кәсіпкерлер халқымызға қамқор болып, әрдайым көмектесуі керек.
Тарихта мұндай мысалдар аз емес. Бақуатты азаматтар мектеп салып, оқу-ағарту ісін дамытуға үлес қосқан. Кітаптар, газет-журналдар шығаруға, халықтың сауатын ашуға зор еңбек сіңірген. Бір сөзбен айтқанда, ұлттың бойында, болмысында жаңа қасиеттер қалыптастыруға белсене атсалысқан.
Қазір де көптеген жомарт жанды азаматтарымыз бар. Олар қайырымдылық және басқа да әлеуметтік маңызы бар шараларға еріктілерді көптеп тартатын болды.
Бизнес өкілдері корпоративтік волонтерлік қызметке назар аударып, осы бағыттағы жобаларға барынша қолдау көрсетуі керек. Қызметкерлердің қоғамдық жұмысқа белсене атсалысуына жағдай жасауы қажет.
Мемлекет жұртқа жақсылық жасап, қоғамдық істерге ұйытқы болып жүрген кәсіпкерлерді қолдайды.
Сондықтан мен былтыр арнайы «Мейірім» орденін тағайындау туралы шешім қабылдадым. Бұл марапат халықтың қамын ойлайтын отаншыл азаматтарға деген шынайы құрметтің белгісі болмақ», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.