Тоқаев қала салу міндеттері мен өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай арасында қарама-қайшылық байқалатынын айтты

Бүгін, 14:39
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Тоқаев қала салу міндеттері мен өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай арасында қарама-қайшылық байқалатынын айтты
Фото: Ақорда

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап. 

«Негізгі инфрақұрылымның озық дамуы.
 
Қалаға қосылған елді мекендердің (Жетіген, Қоянқұс және тағы басқалар) тұрғындары тұрмысқа қажетті қарапайым жағдайдың жасалмағанын айтады. Электрдің жиі өшуіне қатысты арыз-шағымның көптігін былай қойғанда, тұрақты интернеттің, сапалы жолдың, орталықтандырылған судың жоқтығын алға тартады.
 
Мұндай проблемалар облыстың барлық аумағында бар. Мәселен, 2025 жылы электр желісінің тозуы 70 пайызға жуықтап, соның салдарынан электр қуатының өшірілуі 919 рет, ал жыл басынан бері 201 мәрте тіркелген.
 
Қаланың жаңа аудандарында инженерлік коммуникация тарту жұмыстары әлі күнге дейін жобалау сатысында қалып отыр. Үш қосалқы станцияны жөндеу және су алу қондырғысының қуатын арттыру жобалары белгіленген кестеден кешігуде.
 
Alatau Smart-City салу міндеттері мен өңірдегі нақты әлеуметтік-экономикалық жағдай арасында қарама-қайшылық айқын байқалады. Мұны ашық айтайық. Бұл жағдайды Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың, сонымен қатар, әкім Марат Сұлтанғазиевтің тарапынан жіберілген олқылық деп санаймын», - деді ол.  

Президент, жалпы, жаңа энергия қуаты көздерін кеңейту мен іске қосу қажеттігі елдік деңгейдегі мәселе екенін айтты. 

«Мамандардың басым бөлігі энергия тапшылығы мәселесінің негізгі шешімі жаңа генерацияны іске қосу деп біледі. Пікірталастың барлығы екі аспектіге – қанша және қандай электр станцияларын салу қажет деген сауалға келіп тіреледі.
 
Біз қашанда талқылауға дайын тұрамыз. Бірақ қазіргі уақытта еліміз энергияны қаншалықты көптеп жоғалтып отыр деген негізгі сауалды ешкім қозғамайды», - деді Президент.