«Токиодамын. Бірақ бұл жолы басқа күйде»: Саясат Нұрбек Жапониядағы студент кезін еске алды

«Токиодамын. Бірақ бұл жолы басқа күйде»: Саясат Нұрбек Жапониядағы студент кезін еске алды
Коллаж Elordainfo/ фото t.me/SayasatNurbekOfficial

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Жапониядағы студент кезін еске алды. Бұл туралы ол Телеграм арнасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Хиросиманың таңғы тыныштығы әлі есімде. Қала ерте оянады, бірақ асықпайды. Адамдар үнсіз қозғалады, әр қадамында мағына бар. Сол тыныштықта мен бір нәрсені түсіндім, тәртіп пен ішкі жауапкершілік – өте үлкен күш.

Бұл 2003 жыл еді. Мен Жапонияға JICA бағдарламасымен оқуға келген жас жігітпін. «Білімді мыңды жығар» деп өскен баламыз ғой. Елді сырттай емес, іштей танығым келді. Хиросимада жапон отбасында тұрдым. Сол шаңырақта маған ешкім ақыл айтқан жоқ. Бірақ әр ісімен, әр әрекетімен өмір сабағын үйретті. Еңбекке салғырт қарамау, уақытты қадірлеу, адамға құрметпен қарау, осының бәрі бойыма үнсіз сіңді», - деп жазды Саясат Нұрбек.

Фото: t.me/SayasatNurbekOfficial

Сонымен қатар ол Tokyo International Center жатақханасын да есіне алды.

«Кейін Tokyo International Center жатақханасы болды. Әлемнің төрт бұрышынан жиналған жастар. Түн ортасына дейін созылған әңгімелер. Мемлекет деген не, даму қайдан басталады, білімнің салмағы қандай, сол кезде алғаш рет байыппен ойлана бастадық. Ол күндер жай ғана студенттік шақ сияқты көрінетін. Ал бүгін ойласам, сол сәттер менің дүниетанымымды қалыптастырған екен. «Не ексең, соны орасың» деген осы.

Бүгін мен қайтадан Токиодамын. Бірақ бұл жолы басқа күйде. Мемлекет басшысының ресми делегациясы құрамындамын. Кездесу көп, салмақты сөз саптау, жауапкершілік ауыр. Жапония Премьер-министрімен қол алыстық. Барлығы хаттама бойынша. Бірақ ішкі бір дауыс өткенді қайта еске салды.

Сонда түсінгенім адамның жеке жолы мен елдің жолы бөлек емес, бірі екіншісін толықтырады. Кезінде көрген, түйген, үйренген дүниелерің ерте ме, кеш пе, елге қызмет ететін сәтін табады екен. «Жүрген жолың – жеткен жерің» дейді ғой», - деп қосты министр.

Фото: t.me/SayasatNurbekOfficial

Сондай-ақ Саясат Нұрбек Жапонияның оған көп нәрсе үйреткенін жеткізді.

«Жапония маған көп нәрсе үйретті. Артық сөзге емес, нақты іске сүйенуді. Қарапайым болуды. Асықпай, бірақ алысты көздеуді. Сондықтан болар, бүгін ғылым, технология, білім, серіктестік туралы әңгімелер маған ресми дипломатиядан гөрі, баяғыда басталған бір маңызды әңгіменің жалғасындай сезіледі. Уақыт әділ. Ең бастысы сол уақыттың сені қайда, не үшін дайындап жатқанын дер кезінде ұғына білу секілді. Сол жылдардан бері Жапония менің санамда ұсақ-түйекке мән берудің нағыз мектебі болып қалды. Мен процестің қалай құрылғанына, реттіліктің қалай сақталатынына, кішкентай шешімдердің тұтас жүйені қалай қалыптастыратынына басқаша қарай бастадым. Мұнда жүйелілік әдемі жазылған стратегиялардан емес, ұқыпты атқарылған жұмыстан, регламентке, уақытқа және жанындағы адамға деген құрметтен басталатынын терең сезінесің. Дәл осы ұсақты байқап, бағалай білетін әдет уақыт өте келе, ірі әрі тұрақты шешімдердің берік іргетасына айналады», - деді С.Нұрбек.

Фото: t.me/SayasatNurbekOfficial

Оның сөзінше, жапондар қарапайым дүниеге де мұқият қарайды.

«Жапондардың қарапайым дүниенің өзінде детальға айрықша мұқият қарайтынын бөлмемнің жиналғанынан-ақ аңғаруға болады. Кешкісін кездесулерден оралғанымда бәрі көзге бірден түсе бермейтін, бірақ мінсіз логикамен орналастырылған еді. Заттарым түп-түзу, ұсақ дүниелер жинақы, сымдар да өз орнын дәл тапқандай ұқыппен жиналып, жасырылған. Осындай болмашы көрінетін нәрселердің өзінен тәртіпке және бұл жерде өмір сүретін адамға деген терең құрметті көресің. Дәл осындай ұсақ детальдар тұтас бір елдің мәдениеті мен ойлау жүйесінің ажырамас бөлігі екенін айқын түсінесің», - деп түйіндеді Саясат Нұрбек.

Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Токиода «Кимбодзан Харуки» лақап атымен танымал Алматыдан шыққан кәсіби сумо шебері Ерсін Балтағұлмен кездескенін жаздық.