Тиімділік пен технология: «Астана Тазалық» жұмысындағы жаңа кезең
«Астана Тазалық» кәсіпорны БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турын ұйымдастырып, қысқы маусымды сәтті аяқтағаны туралы қорытынды есеп берді. Іс-шарада қысқы уақыттағы тазалық жұмыстарының нәтижесі көрсетіліп, көктемгі санитарлық жұмыстардың барысы таныстырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
7 қызметкерге тұрғын үй сертификаты табысталды
Іс-шара басында «Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Замир Сағынов кәсіпорында 5 жылдан астам уақыттан бері тұрақты түрде жұмыс істеп келе жатқан 7 қызметкерге тұрғын үй сертификатын табыс етті.

«Коммуналдық қызмет мамандарының жалақысы аса көп емес. Алайда жұмыстың жүктелетін жауапкершілігі зор. Сондықтан біз, әсіресе, жастарды жұмысқа тартып, оларды ынталандыру үшін кәсіподақпен бірлесіп, қызметкерлерімізге әртүрлі әлеуметтік жеңілдік қарастыруға тырысамыз. Мамандарымызға арналған спорт зал, бассейн бар. Былтыр ғимаратты жөндеуден өткізіп, 80 орындық жатақхананы пайдалануға бердік. Әкімдіктің қолдауымен тағы бір ғимаратты жөндеуден өткізіп, 17 пәтердің кілтін табыс еттік. Биыл соның жалғасы ретінде екінші деңгейлі банкпен келісімшарт жасап, 7 қызметкеріміздің өздері таңдаған пәтерінің 50 пайыздық бастапқы жарнасының сертификатын табыстап отырмыз. Ипотекалық несиенің пайыздық үстемеақысы төмен болады», – деді Замир Сағынов.
Сертификат алғандардың бірі – кәсіпорын машинисі Сәулет Жорабекұлы. Оның бұл мекемеде жұмыс істеп жүргеніне 6 жыл болған.

«Астана Тазалық» мекемесінен 13 млн 250 мың теңгенің сертификатын алып отырмын. Яғни бұл – сатып алып жатқан пәтеріміздің бағасының 50 пайызы. Жалпы, жұмысымыздың жауапкершілігі зор. Жазда да, қыста да өзіндік қиындықтары бар. Мысалы, жазда арнайы техникалармен колоннамен жүріп көше тазалап, су шашқан кезде жолдың жиегіндегі адамдар сигналымызды естімей жатады. Әсіресе, құлаққап таққан жастар ескертуімізді елей бермейді. Колоннаның арасына бөтен көліктерді кіргізуге болмайды. Салдары жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін. Дегенмен жұмысым өзіме ұнайды», – деді Сәулет Жорабекұлы.
Қысқы маусымда 2,2 млн текше метр қар шығарды
«Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Замир Сағыновтың айтуынша, өткен қысқы маусымда құрылған жұмыс жүйесі жақсы нәтиже көрсеткен.
«Қыс маусымы басталғаннан бері 2,2 миллион текше метрден астам қар шығардық. Күн сайын 600-ден астам техника мен 750-ден аса жол жұмысшысы жұмысқа шығып отырды. Бұл, әсіресе, ақпан мен наурыздың басындағы қарлы жауындар кезінде көшелердің үздіксіз тазалығын қамтамасыз етті», – деді ол.
Былтырмен салыстырғанда техника саны айтарлықтай артқан. Мысалы, сыпыру техникасы былтыр 141 болса, биыл 149-ға, тротуар техникасы 48-ден 112-ге, жүк көлігі техникасы 185-тен 407-ге көбейген.

Техникалық әлеует күшейген соң қысқы кезеңде кәсіпорынның қызмет көрсету аймағы да кеңейтілген. 2025 жылы 18 тазалау маршруты болса, биыл жолды тазалау маршрутының саны 20-ға артқан.
Қазіргі уақытта кәсіпорын жазғы режимге кезең-кезеңімен өтіп жатыр. Жуу кестесі бекітіліп, жұмыс жүйелі жүргізілуде. Күн сайын 580-600 жұмысшы жұмылдырылып, жол жиектері тазаланып, аялдамалар жуылады, жаяу жүргіншілер жолдары ретке келтіріледі. Қоқыс шығарылып, жәшіктер тазаланады. Тіпті кейбір тротуарды жууға арнайы сусабындар қолданылады.

Замир Сағыновтың сөзінше, алда тротуарларды тазалауға арналған техникалар саны көбейтілмек. Жалпы, кәсіпорынның техникаларының басым көпшілігі қысы-жазы қызмет көрсетеді. Мысалы, арнайы техникалар қыста қар күрейді, ал жазда жолды сыпырып, су шашады. Жазда шаң сорғыштар, қыста тұз себетін техникалар ғана бір маусымда қолданылады.
1 млн литр жанармай қалай үнемделді?
«Астана Тазалық» ЖШС бас директоры цифрландыру кәсіпорын дамуының басты стратегиялық бағыты екенін атап өтті.
Есептілікті автоматтандырудың арқасында жол парағын рәсімдеу уақыты 10 минуттан 1 минутқа дейін қысқарып, медициналық тексеруде адам факторы жойылып, техниканы желіге шығару қауіпсіздігі артқан.

Яғни қызметкерлер жұмысқа кіріспес бұрын базаға барып, кезекпен арнайы заманауи аппаратқа тест тапсырады. Онда қан қысымы, көз қысымы, алкогольдік ішімдік ішпегені – бәрі тексеріледі. Егер денсаулықта қандай да бар кінәрат анықталса, терапевтке жіберіліп, жұмысқа шығарылмауы да мүмкін.
Ал жанар-жағармай шығынын бақылауда отын деңгейін бақылау датчиктері мен бос жүрісті есепке алу арқылы жыл сайын 10 пайызға дейін үнемделсе, техниканы мақсатсыз пайдалану жойылған.
«Мемлекет басшысы 2026 жылды «Жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Соған орай біздің кәсіпорын да цифрлық жүйені енгізуден қалыс қалып жатқан жоқ. Нәтижесінде жанар-жағармайды да үнемдедік. Атап айтқанда, алдыңғы жылмен салыстырсақ, 1 миллион литр, былтырмен салыстырғанда 600 мың литр жанармай үнемделді», – деді бас директор.
Жатақхана жайлы ма?
Баспасөз туры аясында БАҚ өкілдері «Астана Тазалық» кәсіпорнының қызметкерлеріне арналған жатақханаға барды.

80 орынға арналған жатақханада маусымдық жұмыскерлер және 10-нан аса отбасы тұрады. Сондай отбасылардың бірі – кәсіпорында машинист болып еңбек ететін Еркебұлан Әбдуәлиевтің жанұясы.

«Осында жұмыс істеп жүргеніме биыл 11 жыл болады. Жұмысым өзіме ұнайды. Осы жерде жүріп үйлендім. Бұған дейін пәтер жалдап тұрғанбыз. 2025 жылдың соңына қарай «Астана Тазалық» кәсіпорны қызметкерлерге арнап, жатақхана берді. Содан бізге де бұл жерден бір орын бұйырды. Мұнда отбасымызбен тұрамыз. 4 баламыз бар. Жатақханадағы 2 бөлмелі баспанамыз жайлы. Жиһаздары да жаңа», – деді Еркебұлан Әбдуәлиев.

Бұған дейін «Астана Тазалық» тәжірибесі енді Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында қолданылатынын жазған едік.