Telegram-да синтетикалық есірткі сатумен айналысқан Жітіқара тұрғыны сотталды

Telegram-да синтетикалық есірткі сатумен айналысқан Жітіқара тұрғыны сотталды
Фото: magnific.com

Қостанай облысы Жітіқара қаласының тұрғыны интернет арқылы есірткіні жарнамалап, саудалағаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратура сайтына сілтеме жасап.

Тергеу және сот барысында әйелдің Telegram-да интернет дүкен арқылы арқылы есірткі сатумен айналысқаны анықталды. Ол SMM менеджер қызметін атқарып, Telegram, TikTok және Instagram желілерінде есірткі дүкенін ұйымдастырушылардың мүддесі үшін есірткі таратушыларды тарту мақсатында хабарландыру жариялап отырған. Оның тұрғылықты жерінен 790 грамнан астам синтетикалық есірткі тәркіленді.

Биыл Қостанай облысында заңсыз айналымнан 230 келі есірткі заты тәркіленді, 180 есірткі сайты мен 100 граффити-жазу жойылып, 2,9 мың банк шоты бұғатталды. Құқық қорғау, арнайы және жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде өңірде есірткі қылмысының саны 213-тен 134-ке дейін төмендеді.

Екінші деңгейлі банктердегі жалпы сомасы 194 млн теңгеге сот шешімімен тыйым салынды. Қылмыстық жауаптылыққа 33 адам тартылды, оның ішінде 13-і – есірткі саудалаған, екеуі оны жарнамалаған.

Еске сала кетсек, Ішкі істер министрлігі Украина Ұлттық полициясымен бірлесіп қазақстандықтарды есірткі бизнесіне тартқан халықаралық топтарды әшкереледі.