Таза Қазақстан: Елордада зауыт ұжымы өндіріс аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді

Таза Қазақстан: Елордада зауыт ұжымы өндіріс аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді
Фото: Ернұр Сағымбек

Елордада «Таза Қазақстан» акциясы аясында Cominvest Group зауытының аумағында кезекті тазалық жұмыстары өтті. Іс-шара барысында өндіріс орны маңында санитарлық тазалау жүргізіліп, аумақ ретке келтірілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Тазалық жұмыстары кезінде зауыт ауласы толықтай абаттандырылып, шашылған қоқыстар жиналды. Қатты тұрмыстық қалдықтар арнайы орындарға шығарылып, аумақ тазартылды. Сонымен қатар, өндіріс орнының айналасында жатқан қалдықтар алынып, жұмыс кеңістігі жинақы күйге келтірілді.

Тазалық акциясына қатысқан қызметкерлер ұжым болып еңбек етіп, тазалық жұмыстарын бірлесе атқарды. Мұндай жұмыстар көктем және күз мезгілдерінде тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

«Осы зауытта еңбек етіп жүргеніме екі жылға жуық уақыт болды. 2024 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Таза Қазақстан» акциясынан біздің ұжым бірде-бір рет қалыс қалған емес. Көктем және күз мезгілдерінде мұндай тазалық шараларын тұрақты түрде ұйымдастырып тұрамыз. Сонымен қатар, әрбір қызметкер жұмыс күні аяқталған соң өз жұмыс орнын таза қалдыруды әдетке айналдырған», – деді зауыт қызметкері Болысбек Еркінбек.

Өндіріс аумағындағы көгал қураған шөп пен жапырақтан аршылды, тал, теректің түбі әктеліп, топырағы қопсытылды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде кәсіпорын айналасының ажары кіріп қалды.