«Таза Қазақстан»: Астанада жастар арасында экологиялық куиз өтті

Бүгін, 12:28
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
«Таза Қазақстан»: Астанада жастар арасында экологиялық куиз өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ерекше форматтағы іс-шара ұйымдастырылды. Global Green Hub компаниясының ecohub алаңында «Таза Қазақстан» акциясы аясында жастарға арналған экологиялық куиз өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Аталған бастама Zero Waste қозғалысы мен Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау департаментінің қолдауымен жүзеге асырылды. Оған колледж және университет студенттері, сондай-ақ Astana Zhastar еріктілері белсенді қатысып, экология саласындағы білімдерін тексерді. Сонымен қатар нақты тапсырмалар орындап, қоршаған ортаға әсер ететін күнделікті әрекеттерді саралады.

Ойлы ойын барысында жаһандық температураның 1,5°C деңгейінде сақталуы мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар климаттың өзгеруіне қарсы күресте әр адамның рөлі маңызды екенін түсініп, күнделікті өмірдегі шағын әрекеттердің де үлкен өзгеріске әсер ететінін ұғынды.

«Куиздің басты ерекшелігінің бірі – экология, технология және кәсіпкерлікті біріктіретін авторлық экотехнологиялық ойлау әдіснамасының ұсынылуы болды. Бұл тәсіл жастарға тек білім алып қана қоймай, өздерінің экологиялық жобаларын ұсынуға мүмкіндік береді», – дейді Global Green Hub компаниясының басшысы Әсел Сейфуллина.

Ұйымдастырушылар мұндай интерактивті іс-шаралар жастарды қоршаған орта мәселелеріне тартудың ең тиімді құралдарының бірі екенін атап өтті. Олар экологияны тек теория ретінде емес, өмір салты ретінде қабылдауға көмектеседі.

Еске сала кетейік, Астанада мыңнан астам банк қызметкері «Таза Қазақстан» акциясына қатысты.