Тарихи деректерді қазіргі саясаттың мүддесіне пайдалануға болмайды – Тоқаев
Бұл туралы Мемлекет басшысы Turkistan газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Әзіл айта білу және тарихи деректерді жетік білу үлкен саясатта да жоғары бағаланады. Мен кәсіби тарихшы емеспін. Сондықтан, көптің алдында өткен дәуірлерге қатысты тақырыптарға бара бермеймін. Бірақ, тарихқа қызығамын, кітаптар мен мақалалар оқимын. Десе де, тарихи деректерді қазіргі саясаттың мүддесіне пайдалануға болмайды деп санаймын.
Белгілі жазушы, драматург Эдвард Радзинский өткен ғасырдағы 80-жылдардың басында Сталин туралы іргелі зерттеу кітабын жазуға кіріскенін айтыпты.
Қаламгердің елге «қайта құру қаһармандары» ретінде танылған достары «Сенің Сталинің кімге қажет? Ашықтық пен демократия дәуірі басталғанын білмейсің бе? Сталинизм заманы келмеске кетті» деп кекетсе керек. Сонда жазушы «Мен кітапты жазып бітірген кезде жұрт Сталиннің суретін көтеріп алып, көшеде жүретін болады» деген екен. Ақыры солай болып шықты.
Тарихтан талай нәрсені үйренуге болады, күні кеше ғана қуғында жүрген жандар ертең-ақ ұлы тұлға атанады. Есесіне, Ленин сынды көсемдердің әжуаға айналуы оп-оңай, халық оның қанатты сөздерін әлдеқашан ұмытқан. Ал, Троцкий өз естеліктерінде «партиямыздың ең көрнекті ортақол адамы» деп атаған Сталинді қазір жұрт мадақтайды, тіпті, «Кадр бәрін шешеді», «Бала әкесі үшін жауап бермейді», «Өмір қандай керемет, өмір қандай көңілді», «Табыстан бас айналу», «Гитлерлер келеді-кетеді, ал неміс халқы қала береді» деген сөздері үшін пір тұтады. Осындай тарихи парадокстар бізде де аз емес... » - деді Президент.
Мемлекет басшысы осы жөніндегі өз ойын одан әрі тарқатты.
«Кез келген елдің, соның ішінде біздің де төл тарихымызда қайшылыққа толы оқиғалар мен ақиқатынан аңызы басым тұлғалар жетіп артылады. Тарихи деректерді бұрмалау, халыққа жасаған еңбегі күмәнді, яғни нақты мәліметтермен немесе құжаттармен дәлелденбеген адамдарды шамадан тыс ұлықтап көрсету – мен үшін мүлде ақылға қонбайтын нәрсе.
Соңғы жылдары Қазақстанда тарих ты талқылау сәнге айналды. Түрлі подкасттар, фильмдер, мақалалар мен кітаптар шығып жатыр. Әрине, халықтың төл шежіресін тануға деген қызығушылығын түсінуге болады. Жалпы, бұл – құптарлық дүние.
Алайда, өкінішке қарай, мемлекетке кесірі тиетінін жете түсінбей, көпшіліктің көңілін табу үшін ойдан шығарылған деректер мен жалған ақпараттар тарататын, халқымыздың басынан өткен қиындықтарға өзге жұртты кінәлайтын тарихшысымақтар пайда болды. Жұрт олардың сандырағына сеніп, өткен дәуірдің жалған батырларын ұлықтай бастады. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Бұл – ақиқат жолы емес, керісінше «жалған түсінік туғызатын теріс жол».
Біз болашаққа ұмтылған қоғам, біртұтас ұлт ретінде төл тарихымызды танып, оны қаз-қалпында қабылдай білуіміз керек. Бізге негізсіз аңыз-әңгімелердің еш қажеті жоқ, оның бәрі сана-сезімімізге кеселін тигізеді. Тарих жұртты дауластыратын, жауластыратын тақырып емес, керісінше, қоғамды ұйыстыратын құндылық болуға тиіс. Ойдан шығарылмаған, яғни ақиқатқа құрылған шежіре бізді тарихтан тағылым алып, кемшіліктерімізді түзетуге, сол арқылы болашаққа сеніммен қадам басуға үйретеді. Сондықтан, біз Абайды және оның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеп келеміз. Ол қоғамдағы кемшіліктерді бүкпесіз айтып, «Толық адам» болуға бастайтын дұрыс жолды нұсқап кетті. Ұлы ойшылдың ұрпаққа қалдырған баға жетпес мұрасы саналатын «Қара сөздері» әлі күнге дейін өзекті болып отыр.
Абай халқымыздың еңбекқор, білімпаз және адамгершілігі жоғары болғанын қалады. Мән-мағынасы жоқ сансыз пікірталастан басқа ұрпаққа ұлағат боларлық сөз қалдырмаған бірқатар қоғам қайраткерлерінің мұрасынан Абай ілімі әлдеқайда биік тұрғаны анық. Бірде-бір дәуірде, әсіресе, саяси аласапырандар кезеңінде көпірме сөздің еш пайдасы болмаған», - деді ол.
Еске салайық, бұдан бұрын Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты көлемді сұхбаты жарияланғаны туралы жаздық.