Талғар ауданында 20 жастағы жігітті бір топ адам пышақтап өлтірді

Талғар ауданында 20 жастағы жігітті бір топ адам пышақтап өлтірді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Полиция қызметкерлері 12 сәуір күні Гүлдала ауылындағы мейрамханалардың бірінде болған адам өлтіру және бұзақылық фактілері бойынша екі қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жедел іздестіру шаралары және уақтылы жолданған бағдарлардың нәтижесінде 20 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынды.

«Сонымен қатар бұзақылық фактісі бойынша тағы үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алайда соттың шешімімен олардың екеуіне қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ қолданылды. Ал кәмелетке толмаған күдіктіге қатысты қылмыстық қудалау органы қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес бұлтартпау шарасын қолданды. Оқиғаның барлық куәгері анықталып, қылмыстық іс аясында жауап алынды», – деді облыстық Полиция департаментінен.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын толық, жан-жақты әрі объективті зерттеуді қамтамасыз етуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, барлық тараптың уәждері мұқият тексеріліп жатыр.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, тергеу барысы Алматы облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.

Бұған дейін Жетісуда 39 сиырдың ұрлығына бақташының қатысы бары анықталғанын жаздық.