Табиғи жаңажылдық шыршаларды қабылдайды: Алматы хайуанаттар бағы тұрғындарға экоакция жариялады

8 қаңтар, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Табиғи жаңажылдық шыршаларды қабылдайды: Алматы хайуанаттар бағы тұрғындарға экоакция жариялады
Фото: freepik.com

Алматы хайуанаттар бағы табиғи жаңа жылдық шыршаларды қабылдауға арналған экологиялық бастаманы қолға алды, деп хабарлады Elordainfo.kz Алматы әкімдігінің Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап. 

Бұл акция арқылы қала тұрғындары қолданылған шыршаларды тапсырып, жануарлардың өмір сүру жағдайын жақсартуға үлес қоса алады.

«Жиналған шыршалар жануарлар мекендейтін қоршауға қойылады. Олар бұғы, елік, кермарал, қабан және өзге де жануарлардың тіршілік ортасын байыту мақсатында пайдаланылады. Мұндай табиғи нысандар жануарлар үшін қызықты: олар ағаштарды иіскеп, тістелеп, сүйкеніп, қабығын зерттеп, белсенділігін арттырады. Бұл күнделікті өміріне әр беріп, күйзелісті төмендетуге көмектеседі», - делінген хабарламада. 

Бұл акция экологиялық әрі тәрбиелік мәнге ие. Ол табиғатты қорғау мен саналы тұтыну жайлы ойланып, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға үндейді.

Еске салайық, бұдан бұрын Алматының апорты енді Бразилияның ботаникалық бағында да өсірілетіні туралы жаздық.