Алматының апорты енді Бразилияның ботаникалық бағында да өсіріледі

Алматының апорты енді Бразилияның ботаникалық бағында да өсіріледі
Фото: ҚР Бразилия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі

Бразилия астанасының ботаникалық бағында алматылық апорт алма ағашының ресми таныстырылымы өтіп, ақпараттық тақтайша орнатылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шараға бразилиялық тараптан Федералды округ үкіметінің халықаралық мәселелер жөніндегі Атқарушы хатшысы Паоло Сезар Чавес, елордалық Ботаникалық бағы директорының орынбасары Даниэлла Фернандес Мартинс Аньос Соарес Аллан Фрейре, «Қазақстан — Бразилия» Достық форумының президенті Улиссес Ридель, «Бразилия — Қазақстан» Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Кассиано Виана, Бразилия СІМ өкілдері, дипломатиялық корпус, достық қоғамы және жергілікті БАҚ қатысты.

Қазақстан Елшісі Болат Нүсіпов өзінің алғы сөзінде бұдан былай басқа шетелдік мемлекеттермен қатар, Қазақстан да Бразилияның елордалық Ботаникалық бағында өзінің алматылық апорт алма ағаштарын таныстыру мүмкіндігіне ие болғанын атап өтті. Қазақстандық дипломат, Апорт алмасының шығу тарихына тоқталып, бұл жемістің халқымыз үшін киелілігін ерекше айтып өтіп, ағаштарға лайықты күтім жасап жүрген Ботаникалық бақ ұжымына алғыс білдірді.

Федералды округтің үкіметі атынан Паоло Чавес Қазақстан Елшілігіне елдің Ботаникалық бағының қорын Қазақстаннан әкелінген жаңа ағаш түрімен толықтыру мүмкіндігі үшін алғыс айтты. Оның айтуынша, алматылық апорт алма ағаштары, жылдан жылға саны қарқынды өсіп келе жатқан Ботаникалық бақ келушілерінің Қазақстанға деген қызығушылығының артуына қосымша серпін береді.

Бразилиа Ботаникалық бағы (Jardim Botânico de Brasília) 1985 жылғы 8 наурызда құрылған. Бұл – Серрадо экожүйесі басым Бразилиядағы алғашқы ботаникалық бақ (Серрадо – Бразилия аумағындағы саванналық биом). Бақтың жалпы аумағы 5000 гектарды құрап, оның 526 гектары келушілер үшін ашық. Мұнда сирек кездесетін ағаштар мен өсімдіктердің түрлері өседі.

Ботаникалық бақта «Ұлттар мен мемлекеттер аллеясы» (Alameda das Nações e dos Estados) деп аталатын арнайы аймақ орналасқан. Онда әлемнің түрлі елін таныстыратын ағаштар мен өсімдіктер орналастырылған (мысалы, Жапониядан – сакура; Испаниядан – лаванда, зәйтүн ағаштары, жасмин; Израильден – құрма пальмалары, зәйтүн ағаштары және інжір).

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Қазақстан ресми түрде апорттың отаны болып мойындалған еді.