Шымкентте жалған Coca-Cola өнімдерін сатқандар жауапқа тартылды

Бүгін, 16:34
Думан Аманжол Думан Аманжол
Шымкентте жалған Coca-Cola өнімдерін сатқандар жауапқа тартылды
Фото: Әділет министрлігі

Шымкент базарларында жоспардан тыс тексеру нәтижесінде «Coca-Cola» брендімен қолдан жасалған өнімдерді сату фактілері анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Әділет министрлігіне сілтеме жасап.

Тексеріске құқық иеленуші «The Coca-Cola Company» компаниясының ресми өтініші негіз болды. Компания өздерінің құқықтары бұзылып, қала сөрелерінде шығу тегі күмәнді өнімдердің пайда болғанын хабарлаған.  

«​Қала базарларында жүргізілген жоспардан тыс тексерулер барысында контрафактілік салқындатқыш сусындардың ірі партиясын сату фактісі расталды. Өнімдерде қолдан жасау белгілері, таңбалау стандарттарының бұзылуы және құқық иеленушінің тиісті рұқсат құжаттарының болмауы анықталды», делінеді хабарламада.

​Анықталған фактілер бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабы (Бөтеннің тауар таңбасын, қызмет көрсету таңбасын, тауар шығарылған жердің атауын немесе біртекті тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер үшін соларға ұқсас белгілерді заңсыз пайдалану) бойынша әкімшілік іс қозғалды. ​Іс материалдары сотқа жолданды.

Айту керек, контрафактілік өнім құқық иеленушілерге экономикалық нұқсан келтіріп қана қоймай, санитарлық нормалар сақталмай  өндірілетіндіктен, тұтынушылардың денсаулығына да қауіп төндіреді. 

​Шымкент қаласының Әділет департаменті кәсіпкерлерге контрафактілік тауарларды сатқаны үшін жауапкершілік бар екенін ескертіп, мұндай тексерулер жалғасатынын хабарлады.

Еске салсақ, Алматыда Louis Vuitton мен Nesquik тауар белгілері бар жалған өнімдерді заңсыз пайдалану фактілері анықталды.