Шымкент қаласының прокуратурасы банкроттық рәсімі жүріп жатқан кәсіпорындарда 68 жұмыскер алдында 86,3 млн теңге жалақы қарызы бойынша кредиторлық берешекті өтеу рәсімінде бірқатар заң бұзушылықтарын анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Прокурорлық қадағалау актілерімен меншігіндегі LEXUS LX 570 автокөлікті екі жылдан астам уақыттан бері банкроттықты басқарушыға табыстамаған банкроттық рәсімі жүріп жатқан заңды тұлғаның басшысы ҚР ӘҚБтК-нің 176-бабының 1-бөлігімен (550 480 теңге әкімшілік айыппұл) және 8 автокөлікті сатуды созбаққа салып, 22 жұмыскер алдында 26,1 млн теңге жалақы қарызы бойынша кредиторлар талаптарын орындамаған «Конти-Строй» ЖШС-нің банкроттықты басқарушысы ҚР ӘҚБтК-нің 179-бабының 23-бөлігімен (82 572 теңге әкімшілік айыппұл) әкімшілік жауаптылыққа тартылды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар анықталған заңдылықты бұзушылықтар жойылып, «ҰЛАН-СЕРВИС» ЖШС екі жұмысшыға 5,4 млн теңге жалақы қарызын өтеді және интернет-ресурста жарияланған кредиторлар талаптарының тізілімі үлгілік нұсқаға сәйкес келтірілді.
Бұған дейін Алматыда жеке сот орындаушысы 370 миллион теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденгенін жазған болатынбыз.