Сұхбаттағы ұстанымдар еліміздің цифрлы мемлекет ретіндегі дамуының темірқазығы болады - Жамаладен Ибрагимов
Заң ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов Президенттің Turkistan газетіне берген сұхбаты жайлы пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Мемлекет басшысы өзінің Turkistan газетіне берген сұхбатында соңғы жылдары Қазақстандағы кең көлемдегі реформалардың өткізілуін болашақ ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз ету қажеттілігімен байланыстырды. Осы орайда 2026 жылдан бастап қолданысқа енетін жаңа Салық кодексі бүкіл салық жүйесін қайта құратынын ескертті. Оның басты мақсаты - тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету. Президенттің айтуынша, жаңа Салық кодексі бағытты бақылаудан серіктестікке бұрып, ал оған қатысушылар – мемлекет, бизнес, азаматтар өз міндеттерін адал орындайтын болады. Мұндай жағдайда, салық ауырлық мәнін азайтады, оны қазіргі заманғы қоғамдық шарт деп айтуға болады.
Салық дер кезінде төленсе, қызмет, инфрақұрылым, қауіпсіздік мүмкіндіктеріне жол ашылады. Президент бұл ауыртпалықты тепе-тең бөлу, әлсіздерді қолдау және экономиканың орталығындағыларды күшейту деп есептейді. Әлемдегі қаржылық саясат салық сауаттылығы және қоғамның саналығымен анықталады. Осылай салық төлеудің мәдениеті қалыптасып, ол бүгінгі заман патриотизмінің формасына айналмақ.
Әлемдік тәжірибеде реформалар түсініспеушілікке, қоғамның қарсылығына жиі ұшырайды. Сондықтан көшбасшының рөлі - барлық жауапкершілікті өзіне алу. Мемлекет басшысы реформаларды жүргізу арқылы Үкіметтің алдына бюджетті тиімді пайдалану міндетін қойып отыр. Ол қатал қаржылық тәртіп сақталып, ресурстардың тек мемлекет үшін қажетті жобаларға жұмсалу керектігін басып айтты», - деді ол.
Ол, сондай-ақ, Президенттің мемлекеттегі көлік-логистика, туризм саласындағы әлеуетті кеңінен пайдалану арқылы бұл саладағы жұмысты жетілдіру туралы ойына тоқталды.
«Оның ішінде Қытай және Еуропа аралығындағы жүк тасымалын кеңейтетін «Достық және Мойынты» теміржол магистралінің енгізілуі жөнінде айта келе, болашақта жаңа бағыттар, «Мойынты -– Қызылжар», «Бақты - Аягөз», «Дарбаза - Мақтарал» жаңа теміржолдардың іске қосылатынын атап өтті. Президент елдің аграрлық әлеуетін күшейту бағытында берілетін тапсырмаларды екінші аграрлық форумда толық баяндағанын жеткізді.
Ал әлеуметтік салада көмектің нақты мұқтаж азаматтарға бағытталуы керектігіне тоқталып, бұл саладағы заңсыздықтарға жол берілмеу керектігін ескертті. Осы орайда кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігіне баса назар аударды. Жасампаз патриотизм дегеніміз кәсіпкерлердің еліне адал қызмет етіп, әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға көмектесуі екенін нықтап айтты. Кез келген салада барлық мемлекеттік қызметшілер «Заң және тәртіп» аясында қызмет етіп, халқы үшін адал және игі істер жасау керектігін тағы бір еске салды.
2026 жыл цифрландыру және жасанды интеллектті дамытуға арналғандықтан, азаматтар жаңа инновацияларға дайын болу керек. Елімізде толық экожүйені қолдау үшін IT-стартаптар, инновациялық кластер Astana Hub жұмысы істесе, болашақта Alatau city іске кірісетін болады. Алдыңғы жылдары конституциялық реформа жүргізіліп, бір палаталы кәсіби Парламенттің құрылуы мемлекеттің құқықтық дамуының одан әрі жоғары деңгейге көтерілетінін көрсетеді», - деген пікірін айтты профессор.
Спикер өз пікірінде Мемлекет басшысы сұхбатындағы айтылған басқа да тың идеялар, атқарушы билікке берілген тапсырмалар елдің 2026 жылда жаңа бағытта даму қарқынын арттыратынын атап көрсетті.
«Елдің әр азаматы жаңа жасанды интеллект дәуірінің талаптарына бейімделіп, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы қабылданған жаңа заң талаптарына сәйкес мемлекетке адал қызмет етеді деп ойлаймыз. Бұл сұхбаттағы ұстанымдар Қазақ елінің жаңа цифрлы мемлекет ретінде дамуының темірқазығы болады деген сенімдеміз», - деді Жамаладен Ибраһимұлы.
Еске салайық, бұдан бұрын Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты көлемді сұхбаты жарияланғаны туралы жаздық.